Алматы облысындағы психиатриялық ауруханаға қатысты әлеуметтік желідегі ақпарат расталмады

Алматы облысындағы психиатриялық ауруханаға қатысты әлеуметтік желідегі ақпарат расталмады
ашық дереккөз

Алматы облысының Ақтас кентіндегі республикалық психиатриялық ауруханада пациенттердің құқықтары бұзылғаны туралы әлеуметтік желіде тараған ақпарат ресми тексеру барысында расталған жоқ, деп хабарлайды ult.kz.

Бұған Instagram желісінде жарияланған жазба себеп болған. Онда медициналық ұйым пациенттеріне физикалық шектеу шаралары қолданылғаны, дәрі-дәрмектер ықпал ету құралы ретінде пайдаланылғаны және олардың ар-намысына тиетін әрекеттер жасалғаны айтылған.

Осыған байланысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Алматы облысы бойынша департаменті аталған медициналық ұйымға тексеру жүргізді.

Жазба авторы (Николай Жұмағалиев - ред.) сипаттаған оқиғалар 2008 жылы, аурухананың 7, 10 және 12-бөлімшелерінде болғанын айтқан. Яғни сөз шамамен 18 жыл бұрынғы оқиғалар туралы болған. Сонымен қатар жарияланымда автордың дербес деректері көрсетілмеген.

Қоғамдық резонансқа байланысты тексеру кезінде пациенттерге медициналық көмек көрсету кезінде заң талаптарының сақталуы, психикалық денсаулық саласындағы медициналық-әлеуметтік көмектің сапасы және пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

2026 жылғы 7 тамыздағы тексеру қорытындысына сәйкес, пациенттерге физикалық шектеу шаралары қолданылғаны, дәрілік препараттардың ықпал ету шарасы ретінде пайдаланылғаны немесе пациенттердің ар-намысына тиетін өзге де әрекеттер жасалғаны туралы мәліметтер расталмаған.

Осылайша, әлеуметтік желідегі жарияланымда келтірілген мәлімдемелер ресми тексеру барысында анықталған нақты деректерге сәйкес келмеген.

Денсаулық сақтау министрлігі пациенттердің құқықтары, ар-намысы мен қауіпсіздігі басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Психикалық бұзылыстарды диагностикалау және емдеу қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүргізіледі.

Министрлік медициналық көмектің сапасы мен пациенттердің құқықтарының сақталуына бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.

Сондай-ақ ведомство көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін, оның мазмұны мен тарату жағдайына қарай Қазақстан заңнамасында жауапкершілік қарастырылуы мүмкін екенін ескертті.

Айта кетейік, бұған дейін Желіде адамжегіш Николай Жұмағалиев психиатриялық аурухананың жағдайы нашар екенін айтқан видеосы тараған болатын.