Freedom Inside '26

Алматы облысында марқұм генералдың үйіне қарақшылық шабуыл жасалды

Алматы облысында марқұм генералдың үйіне қарақшылық шабуыл жасалды
ашық дереккөз

Алматы облысында бұрынғы полиция генералы Жайлаубек Халықұлының үйіне қарақшылық шабуыл жасалғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды ult.kz HALYQSTAN Telegram арнасына сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 19 маусымнан 20 маусымға қараған түні болған. Түнгі сағат екілер шамасында бетперде киген төрт ер адам жеке тұрғын үйдің қоршауынан асып өтіп, аулаға заңсыз кірген.

Сол кезде үйде генералдың 1964 жылы туған жұбайы және оның 2016 және 2018 жылы туған екі немересі болған. Белгісіз адамдар алдымен күзетшіні бейтараптандырып, қолын байлап, аузын скотчпен жапқан. Кейін әйел мен балаларды да байлап тастаған.

Қаскөйлер үйден шамамен 3 миллион теңге көлеміндегі қолма-қол ақша мен алтын әшекей бұйымдарды алып кеткен.

Шабуыл жасағандар оқиға орнынан кеткеннен кейін балалардың бірі босанып шығып, ата-анасына хабарласқан. Осыдан соң оқиға орнына полиция қызметкерлері шақырылған.

Жәбірленушілердің айтуынша, күдіктілердің барлығы орыс тілінде акцентпен сөйлеген.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның мән-жайын анықтап, жедел-іздестіру шараларын жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, Жайлаубек Халықұлы 2009-2016 жылдары Алматы және Ақмола облыстарының ішкі істер департаменттерін басқарған. 2022 жылы ол алаяқтық жолмен ақша және мүлік алды деген күдікпен ұсталған болатын. Сол жылдың тамыз айында тергеу изоляторында қайтыс болғаны хабарланған. Оның өлімі механикалық асфиксия салдарынан болғаны айтылған.