Almaty Marathon: 16 мың адам жүгіріп, Алматыға 15,6 млрд теңге әкелді

Almaty Marathon: 16 мың адам жүгіріп, Алматыға 15,6 млрд теңге әкелді
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматыда 27 қыркүйекте 15-рет өткен Almaty Marathon қала экономикасына 15,6 млрд теңге көлемінде үлес қосты. Оның шамамен 3 млрд теңгесі салық түсімдеріне тиесілі, деп хабарлайды ult.kz.

Times.kz мәліметінше, марафонға 66 елден 16 мың адам қатысты. Оның 1534-і шетелден, 2238-і Қазақстанның өзге өңірлерінен келген. Шетелдік қатысушылардың ең көбі Ресейден – 550 адам. Сондай-ақ Қырғызстаннан 171, Өзбекстаннан 151, Қытайдан 133, АҚШ пен Оңтүстік Кореядан 51 адамнан қатысты.

Зерттеуге сәйкес, сырттан келген қатысушылар мен оларды ертіп келгендер Алматы экономикасына шамамен 5,3 млрд теңге қалдырған. Бұл қаржының 3,7 млрд теңгесі қонақүй, хостел және жалдамалы баспанаға, 1,2 млрд теңгесі бөлшек саудаға, 1 млрд теңгесі көлік пен таксиге, 900 млн теңгесі ойын-сауық пен экскурсияға, 800 млн теңгесі қоғамдық тамақтануға жұмсалған.

Бір шетелдік жүгіруші мен оны ертіп келген адамдардың орташа шығыны 1,82 млн теңгеге жеткен. Зерттеу авторларының мәліметінше, шетелдік қатысушылардың 64 пайызы марафонды Қазақстанға келуінің негізгі себебі деп атаған. Олардың 87 пайызы Алматыға қайта келгісі келетінін айтқан.

Биыл жарыс бағыты да өзгертіліп, қатысушылар 42,2 шақырымды бір айналыммен жүгірді. Марафон Абай алаңынан басталып, Республика алаңында аяқталды.

Жарысқа 2018 жылғы Бостон марафонының жеңімпазы, жапониялық Юки Каваучи де қатысты. Бұл оның Орталық Азиядағы алғашқы марафоны болды.