Бүгін Атыраудағы трагедияға қатысты сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Журналист Жанат Молдашова сот залынан видео жариялады.
Сұлтан Сәрсемәлиев 2025 жылдың қараша айында жалғыз өзі Меккеге барып келген.
«Өлсем де Құдайдан кешірім сұрап өлейінші дедім. Басым ауған жаққа кеттім. Түркия арқылы Меккеге бардым», - деді ол.
Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесін өлтірді деп айыпталған Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі жалғасуда. Айыпталушыға Қылмыстық кодекстің 13 бабы бойынша айып тағылған. Олардың қатарында бірнеше адамды қасақана өлтіру, ұрлық, алаяқтық және құжаттарды заңсыз иемдену баптары бар.
Сот барысында Сәрсемәлиев айыптардың бір бөлігін мойындағанымен, Наурыз Мұқанғалиевтің өліміне қатысты тағылған «қасақана кісі өлтіру» айыбымен келіспейтінін айтып, оқиғаның өзін қорғау кезінде болғанын мәлімдеді. Ал қалған үш жәбірленушіге пышақ жарақатын салғанын растады.
Тергеу мәліметінше, қылмыстар 2025 жылы жасалған. Кейін Сұлтан Сәрсемәлиев бұрынғы жұбайымен бірге Индонезия аумағында ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланған. Қазіргі уақытта іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Соттың түпкілікті шешімі әлі шыққан жоқ.