«Alem credit» интернет-платформасының заңсыз қызметіне қатысты тергеу жүріп жатыр. Құқық қорғау органдары оның ұйымдастырушыларын, зардап шеккен азаматтарды және пайдаланылған төлем құралдарын анықтауда, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов Құрылтай депутаттарының сауалына берген жауабында мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2026 жылғы 13 тамызда Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Alem credit» платформасының заңсыз қызметіне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастаған.
Платформа цифрлық активтермен қарыз беруші ретінде көрсетілгенімен, іс жүзінде азаматтарға ұлттық валютада ақшаны жедел, ақылы және қайтарымды шарттармен берген.
Тергеу барысында сегіз заңды тұлға мен жеті жеке тұлғаның шоттары пайдаланылғаны анықталған. Тінту жүргізіліп, бақылаудағы ұйымдардың иелері, бухгалтерлері мен IT-мамандары жауапқа тартылған. Ал 18 тамызда платформаға байланысты интернет-ресурстарға қолжетімділік шектелген.
— Қазіргі уақытта заңсыз қызметті ұйымдастырушылар, жәбірленушілер және пайдаланылған төлем құралдары анықталып жатыр. Тергеу барысы Алматы қаласының прокуратурасының бақылауында, — деді Берік Асылов.
Бас прокурордың мәліметінше, жыл басынан бері құқық қорғау органдары заңсыз микроқаржы қызметіне қатысты 19 қылмыстық істі тергеген. Оның 10-ы сотқа жолданса, төртеуі рақымшылыққа байланысты тоқтатылған.
Еске салайық, бұған дейін Құрылтай депутаты Юрий Ли қарызға берген ақшасын 23 есе артық қайтаруды талап ететін кредиторларды жауапқа тартуды ұсынған болатын.