Бокстан әлем және Азия чемпионы Теміртас Жүсіпов тұрмыстық зорлық-зомбылық жасады деген күдікке ілінді. Спортшының жұбайы ауыр халде ауруханаға жеткізілгеннен кейін оның сіңлісі әлеуметтік желіде жазба жариялап, әпкесінің ұзақ уақыт бойы зорлық-зомбылық көргенін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Жәбірленушінің туысының айтуынша, оқиға 29 маусымнан 30 маусымға қараған түні немесе 1 шілде күні болған. Оның сөзінше, әйел адам күйеуінен ауыр соққы көріп, ес-түссіз күйде ауруханаға түскен.
«Медициналық құжаттарда асфиксия, бастың ашық жарақаты, құрысу және бас миының ісінуі көрсетілген. Ол ауруханаға ес-түссіз жеткізілді», – деп жазды жәбірленушінің сіңлісі.
Ол сондай-ақ тергеудің объективті өтуіне алаңдайтынын айтып, Теміртас Жүсіпов ұсталғаннан кейін шамамен бес сағаттан соң босатылғанын мәлімдеді.
Жәбірленушінің туысының сөзінше, адвокат алған жарақаттардың ауырлығын ескере отырып, бұл оқиғаға құқықтық тұрғыдан адам өлтіруге оқталу бабы бойынша баға берілуі мүмкін деген пікір білдірген.
Сонымен қатар ол бұған дейін де әпкесінің тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағанын айтып, шамамен бес жыл бұрын Теміртас Жүсіповтің әйелін мойнынан қысып тұрғанына куә болғанын жеткізді. Сондай-ақ спортшы балаларды пайдаланып, жұбайына психологиялық қысым көрсеткенін алға тартты.
Ақмола облысы полиция департаменті аталған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғанын растады.
Полицияның мәліметінше, 30 маусым күні Көкшетау қаласында отбасылық жанжал кезінде ер адам жұбайына дене жарақатын салған.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Істің барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп, қорытындысы бойынша қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді ведомство.