Ауғанстандағы биліктегі Талибан қозғалысының жетекшісі Хайбатулла Ахундзада мемлекеттік қызметкерлер мен қозғалыс мүшелеріне смартфон пайдалануға тыйым салды, деп хабарлайды Ult.kz.
Afghanistan International басылымының мәліметінше, тыйым туралы ауызша бұйрық қозғалыстың Әділет министрлігі арқылы елдің сегіз аймағындағы әскери соттардың басшыларына жеткізілген. Сонымен қатар бұл нұсқаулық жөнінде полиция басшылары мен барлау қызметтерінің жетекшілері де хабардар етілген.
Басылымның жазуынша, талапты бұзған тұлғалар әскери соттың қарауына жіберілуі мүмкін.
Сондай-ақ Ауғанстан билігі бақылауға алынатын қызметкерлердің аты-жөні, атқаратын қызметі, жұмыс орны, ұялы байланыс операторы және телефон нөмірі көрсетілген арнайы тізім әзірлегені айтылды.
Бұл — елдегі цифрлық құрылғыларға қатысты алғашқы шектеу емес. Бұған дейін талибтер смартфондарды пайдалану мен тірі жандардың бейнесін жариялауға байланысты бірқатар шектеулер енгізген. Ал 2025 жылы Хайбатулла Ахундзада қозғалыс мүшелерін смартфондарды пайдалануды азайтуға шақырған болатын.
Бұдан бөлек, бірнеше күн бұрын Ауғанстанның Білім министрлігіне қарасты исламдық білім беру бөлімі оқушыларға мектептер мен діни семинарияларға смартфон алып келуге тыйым салатын арнайы директива шығарды.