Ақтөбеде полиция 56 жастағы тұрғынның 8 миллион теңгесін сақтап қалды. Әйел алаяқтардың арбауына түсіп, екі бөлмелі пәтерін төмен бағаға сатпақ болған, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, тұрғынға алдымен өзін жеткізу қызметінің, кейін банк қызметкерінің өкілі ретінде таныстырған белгісіз адамдар қоңырау шалған. Олар әйелге оның атына жалған несие рәсімделіп жатқанын айтып, ешкімге бұл туралы хабарламауды және өз нұсқауларын орындауды талап еткен.
Алаяқтар тұрғынның екі бөлмелі пәтері бар екенін біліп, «мүлкіңізді сақтап қалудың жалғыз жолы – оны сату» деген жалған сылтаумен баспанасын нарық бағасынан төмен бағаға өткізуге көндірген.
Әйел жылжымайтын мүлік агенттігіне хабарласқан. Пәтер 8 миллион теңгеге бағаланғанымен, агенттік қызметкері жағдайдан күмәнді белгілер байқап, бірден полицияға хабар берген.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшылары тұрғынға алаяқтардың әрекетін түсіндіріп, пәтердің сатылуына жол бермеді.
Полиция азаматтарға ескертеді: банк қызметкерлері мен мемлекеттік органдар ешқашан SMS-кодтарды айтуды, мүлікті сатуды немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етпейді.
Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, полицияға хабарласу қажет.