Freedom Inside '26

Әл-Фарабидегі жол апаты: қаза тапқан Томиристің анасы Александр Пакты бас бостандығынан айырмауды сұрады

Әл-Фарабидегі жол апаты: қаза тапқан Томиристің анасы Александр Пакты бас бостандығынан айырмауды сұрады
Zakon.kz

Алматы қаласындағы Әл-Фараби даңғылында болған қайғылы жол-көлік оқиғасы бойынша сот процесі жалғасуда. Бұл жолы сотта апат салдарынан көз жұмған Томирис Қыдырбектің анасы Арайлым Есенбаева сөз сөйлеп, айыпталушы Александр Пакқа қатысты ұстанымын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz HALYQSTAN Телеграм арнасына сілтеме жасап.

Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотта өткен отырыс куәгерлерді тыңдаудан басталды. Куәгер Адам Мархиев апат алдында достарымен, оның ішінде Александр Пакпен бірге дәмханада болғанын айтты. Алайда ол үстелде алкогольдік ішімдік болмағанын мәлімдеді.

– Мүмкін мен кеткеннен кейін тапсырыс берген шығар. Мен отырған кезде үстелге алкоголь қойылған жоқ, – деді куәгер.

Айта кетейік, бұған дейін прокурор айыптау актісін оқыған кезде сараптама қорытындысы бойынша Александр Пактың жол апаты кезінде жеңіл дәрежеде мас күйде болғаны анықталғанын хабарлаған.

Кейін сот отырысына марқұм Томиристің анасы Арайлым Есенбаева қосылды. Ол қызының қазасы туралы 21 наурыз күні таңғы сағат 9-да хабар алғанын және кейін мәйітханаға барып, қызын танығанын айтты.

Судьяның айыпталушыға қатысты қандай да бір талабы бар-жоғы туралы сұрағына ол:

– Қазіргі таңда ешқандай талабым жоқ. Барлығы заң аясында шешілсін, сот қалай шешсе, солай болсын, – деп жауап берді.

Сот барысында оның бұған дейін жазған өтініші де оқылды. Өтініште Александр Пактың жасаған ісіне өкініп, кешірім сұрағаны және моральдық шығынды өтегені көрсетілген.

Марқұмның анасы айыпталушыға қатысты материалдық және моральдық талаптарының жоқ екенін айтып, соттан оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұраған.

Бұған дейін осы апатта қаза тапқан Еламан мен Құмардың туыстары да Александр Пакты кешіріп, оған қатысты талаптарынан бас тартқан болатын. Олардың айтуынша, айыпталушы келтірілген моральдық және материалдық шығынның орнын толтырған.

Сотта тағы бір куәгер – Айгерім Абдраимова да жауап берді. Оның сөзінше, апатқа дейін өткен кездесуге құрбысы шақырған. Алайда ол отырған ортаны ұнатпағандықтан көп ұзамай кетіп қалған.

– Адамдарды, қыздарды талқылағандары ұнамады, – деді куәгер.

Сондай-ақ ол дастарханда алкоголь болғанын растады. Алайда спирттік ішімдікті өзі мен құрбысы ішкенін, ал Александр Пактың ішімдік ішкен-ішпегенін көрмегенін айтты.

Қазіргі уақытта сот отырысы жалғасып жатыр. Іс бойынша барлық мән-жайлар сот барысында анықталмақ.