Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты қозғалған қылмыстық істердің бірі тоқтатылды, деп хабарлайды ult.kz.
Әңгіме апатқа кінәлі деп танылған Zeekr жүргізушісімен бірге болған төрт адамның үстінен қозғалған іс туралы болып отыр. Олар күдіктінің алкоголь ішпегенін айтып, тергеу барысында жалған куәлік берді деген күдікке ілінген.
Марқұмдардың туыстарының мүддесін қорғаған заңгер Мейірман Шекеевтің айтуынша, аталған тұлғалар бастапқыда жүргізушінің мас болмағанын мәлімдеген. Алайда кейін медициналық сараптама оның алкогольдік масаң күйде болғанын растағандықтан, бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 420-бабы ("Көрінеу жалған айғақ беру") негізінде жеке қылмыстық іс тіркелген.
Дегенмен Ішкі істер министрлігі жүргізген тергеу нәтижесінде күдіктілердің әрекетінен қылмыстық құқықбұзушылық құрамы анықталмаған.
"Қылмыстық іс бойынша өндіріс қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатылды", – деп хабарлады ведомство.
Сонымен қатар қабылданған шешімнің заңдылығын прокуратура тексеретіні белгілі болды.
Еске салсақ, 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында Zeekr 001 және Mercedes-Benz көліктері соқтығысқан. Апат салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы қыз оқиға орнында қаза тапты.
Тергеу деректеріне сәйкес, Zeekr жүргізушісі апат кезінде алкогольдік масаң күйде болған және соқтығысар алдындағы жылдамдығы сағатына 219 шақырымға жеткен.
Қазір негізгі іс бойынша жүргізуші Қылмыстық кодекстің 345-1-бабы 4-бөлігі бойынша сот алдында жауап беріп жатыр. Аталған бап 7 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын көздейді.