Әкімдік бухгалтерлері 27 млн теңгені жымқырған: Солтүстік Қазақстанда сот үкімі шықты

Әкімдік бухгалтерлері 27 млн теңгені жымқырған: Солтүстік Қазақстанда сот үкімі шықты
Ашық дереккөзден

Солтүстік Қазақстан облысында екі ауылдық округ әкімдігінің бухгалтерлері бюджеттен 27,1 миллион теңгеден астам қаржыны жымқырғаны үшін сотталды, деп хабарлайды ult.kz.

Облыстық прокуратураның мәліметінше, Бұлақ және Заречный ауылдық округтері әкімдіктерінің бухгалтерлері қызметтік өкілеттіктерін пайдаланып, бюджет қаражатын өздерінің есепшоттарына заңсыз аударып отырған. Қылмысты жасыру үшін бухгалтерлік құжаттарға жалған мәліметтер енгізген.

Тергеу барысында Бұлақ ауылдық округінде 9,3 миллион теңге, ал Заречный ауылдық округінде 17,8 миллион теңге көлеміндегі бюджет қаражаты заңсыз иемденілгені анықталды. Жалпы келтірілген шығын 27,1 миллион теңгеден асты.

Сот екі бухгалтерді де кінәлі деп танып, шартты түрде ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар оларға пробациялық бақылау белгіленді.

Сондай-ақ сотталғандар 4 және 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу және материалдық жауапкершілік жүктелетін лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.