Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Ертіс өзенінің суы лас деген қауесеттерге нүкте қою үшін тікелей эфирде суға шомылды, деп хабарлайды ult.kz.
Әкімнің түсіндіруінше, судың лайлы реңкі ластанудан емес, күшті ағыс көтеретін құмнан пайда болады. Ол өзеннің жылдық су ағыны 32 миллиард текше метрді құрайтынын және ағысы қатты болғанымен, судың сапасы жақсы екенін атап өтті.
Тікелей эфир барысында аймақ басшысы адамға толған жағажайды да көрсетті - мұндағы 1500 шезлонгтың барлығы дерлік бос емес. Демалушылар үшін пирстер, душ кабиналары, тегін балалар бассейні мен еріктілер қызмет көрсетуде.
Айта кету керек, Асайын Байханов өзінің ерекше тікелей эфирлерімен бұрыннан танымал: ол бұған дейін масалармен күресті трансляциялаған, ал әр жылдың 1 қаңтарында желі қолданушыларына ат үстінде тікелей эфирге шығуды дәстүрге айналдырған.