«Рэкетир» фильмі арқылы көпшілікке танылған марқұм актер Мұрат Бисембиннің қызы әлеуметтік желіде әкесін сағынышпен еске алып, оның қазасынан кейінгі ауыр күндері туралы сыр шертті, деп хабарлайды ult.kz.
Актердің қызы әкесінен айырылғаннан кейін қалыпты өмірге оралу оңай болмағанын жасырмады. Айтуынша, оқырмандары одан қайғыны қалай жеңгенін, өмірден қайта қуаныш табуға қалай күш жинағанын жиі сұрайды. Алайда бұл сауалдарға жауап беру өзіне де қиынға соққан. Ол осы уақытқа дейін жан дүниесіндегі күйзелісті көпшілікке көрсетпеуге тырысқан. Әлеуметтік желіде көбіне өмірінің жарқын сәттерін бөліскенімен, әкесіне деген сағынышы әлі де басылмаған.
«Өмірімде мұндай жағдай болады деп ешқашан ойламадым. Денсаулығына ерекше көңіл бөлетін, білімді де ақылды адамның өмірден осыншалықты ерте кететіні үш ұйықтасам да түсіме кірмеген еді», – деп жазды ол.
Марқұмның қызы әкесінің өмірінің соңғы күндерін де еске алды. Сол кезде отбасы оның сауығып кететініне соңына дейін сеніп, жақсы жаңалық күтумен болған.
«Әкем көз алдымызда біртіндеп сөніп бара жатты. Мұны мен тек қазір ғана түсініп отырмын. Өйткені сол кезде бәріміз оның жазылып кететініне сендік. Сол күнді күттік, үмітімізді үзбедік», – дейді актердің қызы.
Оның сөзінше, әкесінің қазасынан кейін арада уақыт өтсе де, естеліктерге қайта оралуға жүрегі дауаламайды. Әлі күнге дейін оның бейнежазбаларын көріп, дауысын тыңдай алмайды. Тіпті әкесінің өз қолымен салған суреттеріне қараудың өзі ауыр тиеді. Жазбасында ол әкесінің немересінің дүниеге келгенін көруін қатты қалағанын да жеткізді. Сәбидің өмірге келуі актерге аурумен күресуге қосымша күш берер деп үміттенген.
«Мен әкемнің қызымыздың дүниеге келгенін көргенін қатты қаладым. Бұл оның өмір сүруге деген құлшынысын арттырып, сауығып кетуіне себеп болса екен деп армандадым. Бірақ өмір басқаша шешті», – деп жазды ол.
Әсерлі жазба әкесінің туған күніне орай жарияланған. Қызының айтуынша, Мұрат Бисембин тірі болғанда 54 жасқа толар еді.
Сөз соңында ол әкесінің енді ауырсыну мен азаптан арылғанына үміт білдіріп, көпшілікті жақындарының қадірін білуге және денсаулықтарына көңіл бөлуге шақырды.
Мұрат Бисембин кім?
Мұрат Бисембин – қазақстандық киноактер, көпшілікке “Рэкетир” фильмі арқылы танылған өнер иесі. Ол 1972 жылы 11 қазанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Алғашында актерлік мамандықты емес, техникалық саланы таңдаған. Политехникалық институтты ауыл шаруашылығының инженер-механигі мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін өнерге бет бұрып, Алматыдағы өнер академиясында білім алған. Оның кинодағы алғашқы жұмыстарының бірі – “Каждый взойдет на Голгофу” телехикаясы. Алайда актерге кеңінен танымал болуға 2007 жылы жарық көрген режиссер Ақан Сатаевтың “Рэкетир” фильмі жол ашты. Бұл туындыда ол Руслан есімді қылмыс әлемінің өкілін сомдады. Кейін “Томирис”, “Сказ о розовом зайце”, “Брат или брак”, “Рывок” және “Кто вы, господин Ка?” фильмдеріне түсті. Сонымен қатар “13 клиническая” телехикаясына қатысып, түрлі жанрдағы туындыларда өнер көрсетті. Актердің жұбайы, екі ұлы және бір қызы бар. 2024 жылдың күзінде оған ұйқы безінің қатерлі ісігі диагнозы қойылғаны белгілі болды. Ауыр дертке байланысты ол бірқатар шығармашылық жобаларын тоқтатуға мәжбүр болды. 2025 жылдың желтоқсанында қызы Диана Булатова әкесінің инсульт алып, ауруханаға түскенін хабарлады. Мұрат Бисембин 2026 жылы 8 қаңтарда 53 жасында өмірден өтті.