Айтыстан 6 айға шеттетілген Мақсат Ақанов тойда арнау айтты

Айтыстан 6 айға шеттетілген Мақсат Ақанов тойда арнау айтты
Фото: видеодан кадр

Айтыскер ақын Мақсат Ақановтың тойда домбыра ұстап, көпшілікке арнау айтып тұрған видеосы әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды ult.kz.

Кадрларда ақын той сахнасында өнер көрсетіп, өлең арнап отырғаны көрінеді. Алайда бейнежазбаның нақты қашан түсірілгені әзірге белгісіз. 

Ақын  елге өсиет айта алмайтынын, айтыстан шеттетілгенін тілге тиек етті. 

Не жағдай болды? 
 

Еске салайық, Мақсат Ақанов бұған дейін Маңғыстау облысының Шайыр ауылында өткен айтыстан кейін көпшіліктің сынына қалған еді. Айтыс ауылдың 100 жылдығына арналған. Әлеуметтік желіде ақынның сахнадағы әрекеті мен айтқан сөздерінен үзінді тараған. Бірқатар ақпарат құралдары оның сахнаға мас күйде шыққанын жазды.

Осы оқиғадан кейін Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Аманжол Әлтай ақынның алдағы алты ай бойы Одақ ұйымдастыратын ресми айтыстар мен шараларға қатыса алмайтынын мәлімдеді. 

Айта кетейік, Шайыр ауылындағы шара Айтыс одағының ресми күнтізбесіне енбеген. Оны жергілікті азаматтар мен жеке демеушілер ұйымдастырған. Соған қарамастан, Одақ ақынның сахнадағы әрекетіне байланысты тәртіптік шешім қабылдаған. 

Мақсат Ақанов кім?

Мақсат Асылмұратұлы Ақанов - Қарағанды облысынан шыққан белгілі айтыскер ақын. Ол айтыс сахнасында 25 жылдан бері өнер көрсетіп келеді.

Ақын 2018 жылы өткен «Алтын домбыра» республикалық айтысында үшінші орын алған. Ал 2023 жылы «Алтын домбыра» додасында бас жүлдені иеленді. Ол кезде жарысқа еліміздің әр өңірінен 16 ақын қатысқан.

2025 жылы Мақсат Ақанов Семейде Абайдың 180 жылдығына арналған «Адамзаттың Абайы» республикалық айтысында да бас жүлдеге ие болды.