Аршалы ауданында Ұлттық ұланның әскери қызметшілері мен Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері ҚАЖ мекемесіне тыйым салынған затты жеткізу әрекетін анықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Мекеме аумағына кірмек болған «Газель» автокөлігін тексеру кезінде «Айза» атты қызметтік ит артқы көрініс айнасының оң жақ тұсынан күмәнді затты сезген.
Тереңдетілген тексеру барысында айна қуысының ішінен жасырылған орама табылды. Оның ішінде жасыл түсті, өзіне тән иісі бар зат болған. Тәркіленген заттың нақты құрамы анықталып жатыр.
Тексеру тобының құрамында ефрейтор Тимур Қожабеков пен кинолог-маман, кіші сержант Береке Дөненбай болған.
Қазір аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, оқиғаның мән-жайы мен құқық бұзушылыққа қатысы бар тұлғалар анықталуда. Жағдай құзырлы органдардың бақылауында.