Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Германияда қаза тапқан бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты тергеу ісінің қазіргі барысы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Ult.kz NewTimes.kz сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоның хабарлауынша, Қазақстанның Германиядағы елшілігі бұл мәселе бойынша Германия Сыртқы істер министрлігі өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер өткізіп келеді. Сонымен қатар Франкфурт-на-Майнедегі Бас консулдық Гессен федералдық жерінің құзырлы органдарымен байланыс орнатып, қажетті жұмыстарды жалғастыруда.
СІМ мәліметіне сәйкес, Қазақстан құқық қорғау органдарының экстрадиция туралы сұрауы негізінде Ресей ІІМ Мәскеу қаласы бойынша қылмыстық іздестіру басқармасының қызметкерлері Александр Донцов пен Наталья Донцованы ұстаған. Бұған дейін олар Германияның құқық қорғау органдары тарапынан халықаралық іздеуге, ал Қазақстан ІІМ арқылы мемлекетаралық іздеуге жарияланған болатын.
Алайда күдіктілер Ресей азаматтары болғандықтан, оларды Қазақстанға беру мүмкін емес екені алдын ала хабарланған.
«Қазіргі уақытта Ресей тарапы Қазақстаннан өз аумағында қылмыстық іс қозғау туралы ресми сұрау күтуде. Бұл тергеу әрекеттерін жүргізуге құқықтық негіз болады», – делінген СІМ жауабында.
Сондай-ақ марқұмның туысы Б.Сайлыбаевтың Ресей Федерациясы Тергеу комитетіне өтініш жолдау туралы өтінішінен кейін Қазақстан елшілігі 2026 жылғы 5 мамырда Ресей СІМ-іне ресми нота жіберген.
Қазақстандық дипломаттар Ресей тарапымен жүргізілген келіссөздер барысында бұл мәселені жедел қараудың маңыздылығын атап өтіп, бұрын жолданған нотаға тезірек жауап беріледі деген үміт білдірген. Қазір бұл іс Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің тұрақты бақылауында.
Сонымен қатар Қазақстанның Германиядағы дипломатиялық өкілдігі Айгүл Сайлыбаеваның жақындарымен тұрақты байланыс орнатқан.
Еске салайық, бұрын Қазақстанда судья болып қызмет атқарған Айгүл Сайлыбаеваның денесі Германиядағы Эрлахе көлі маңынан табылған. Ол қайтыс болған кезде жүктіліктің 24-аптасында болған. Сарапшылар әйелдің денесінен көптеген пышақ жарақаттарын анықтап, қылмыстың ерекше қатыгездікпен жасалғанын мәлімдеген.
Бұған дейін Сайлыбаеваны өлтіруге күдіктелген Донцовтар Мәскеуде тұрып жатқанын жазған болатынбыз.