Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қоғамдағы отбасылық зорлық-зомбылық мәселесіне байланысты үндеу жасады, деп хабарлайды ult.kz.
Бас мүфтидің айтуынша, отбасы – адам өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінетін орта болуы керек. Ал әйелдің өз шаңырағында қорлық көруі – қоғамды алаңдататын мәселе.
«Әйел – бір шаңырақтың шырағы. Біреудің аялап өсірген қызы, біреудің асыл анасы, біреудің сүйікті жары. Ол жаңа түскен шаңырағына қорғаныш пен жылулық іздеп келеді. Сондықтан ер азаматтың міндеті – оған қорқыныш емес, қамқорлық сыйлау», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Ол ер адамның күшін жұдырығымен емес, сабырымен көрсетуі керектігін атап өтті.
«Ер адамның күші жұдырығында емес. Нағыз күш – ашуға ерік бермей, сабыр сақтай білуде, жаныңдағы жанды жылатпай, керісінше оған сүйеніш болуда. Ашу басылады. Ұрыс та ұмытылады. Бірақ ашумен көтерілген қол мен айтылған ауыр сөз адамның жүрегінде ұзақ уақытқа із қалдыруы мүмкін», – деді Бас мүфти.
Наурызбай қажы Тағанұлы отбасындағы зорлықтың салдары бір сәттік ашумен шектелмейтінін айтып, ер азаматтарды жауапкершілікке шақырды.
«Отбасы адам өзін ең қауіпсіз сезінетін мекен болуы керек. Әйел өз үйінде қорқып емес, қадірленіп өмір сүруге тиіс. Қыз баласын аялап өсіріп, ақ босағадан үлкен үмітпен шығарып салған әрбір әке мен ананың тілегі біреу – барған жерінде бақытты болсын. Сол аманатқа қиянат жасамайық», – деді ол.
Бас мүфти сөзін «Әйелді жылату – азаматтық емес. Әйелге қорған болу – ердің міндеті» деген үндеумен қорытындылады.