Павлодар облысында қуаты 50 МВт болатын Data Center Valley деректерді өңдеу орталықтары алқабының алғашқы нысанының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Нысанды 2027 жылғы маусымда пайдалануға беру жоспарланған, деп хабарлайды ult.kz.
Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша қазір энергия орталықтары мен AI-фабрикалардың ғимараттарына арналған қазаншұңқырларды әзірлеу жұмыстары 90%-ға аяқталған. Энергия орталықтарының іргетасы қаланып, әкімшілік-тұрмыстық ғимараттар салынуда.
Жоба аясында деректер орталықтарын, AI-фабрикаларды, GPU-кластерлерді және халықаралық компаниялардың бұлтты платформаларын орналастыруға арналған инфрақұрылым құрылады. Data Center Valley Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға, отандық жасанды интеллект шешімдерін әзірлеуге және халықаралық цифрлық қызметтер нарығына шығуға мүмкіндік береді.
Жобаны энергиямен қамтамасыз ету үшін қуаты 215 МВт қосалқы станса сатып алынған. Ал алқаптың ұзақмерзімді энергетикалық әлеуетін кезең-кезеңімен 1 ГВт-қа дейін жеткізу көзделіп отыр.
Премьер-министр Олжас Бектенов Data Center Valley жобасының Қазақстанның технологиялық егемендігін нығайтып, елдің Орталық Азиядағы өңірлік AI хабы ретіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Жоба аясында шетелдік технологиялық компаниялармен, соның ішінде Firebird AI және NVIDIA-мен ынтымақтастық орнатылуда. Сонымен қатар жаңа инвесторлар мен клиенттерді тарту, жоғары өнімді есептеу кластерлері мен бұлтты қызметтерді дамыту бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр.
Жиын қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтау және шетелдік технологиялық компаниялармен ынтымақтастықты кеңейту тапсырылды.