Әйелді күйеуінің көңілдесі соққыға жыққан

Әйелді күйеуінің көңілдесі соққыға жыққан
Фото: freepik

Адвокат Ләззат Рақышева әлеуметтік желідегі парақшасында түнгі уақытта көмек сұрап келген үш баланың анасына қатысты жағдайды баяндады, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, демалыс күні түнгі сағат 23:30 шамасында орталыққа 7 айлық сәбиі бар әйел жылап келген. Үш баланың анасы күйеуінің өзіне опасыздық жасап жүргенін кездейсоқ білген.

Әйел күйеуінің басқа әйелмен кездесіп жүргенін олардың шағын кәсібіндегі бейнебақылау камерасынан көрген. Кейін камера жазбасынан ер адамның әлгі әйелмен жыныстық қатынасқа түскенін байқаған.

Осыдан кейін әйел алдымен күйеуімен сөйлескен. Алайда адвокаттың сөзінше, ер адам өз әрекетіне жауапкершілік алудың орнына үйден кетіп қалған.

Кейін әйел күйеуінің көңілдесімен сөйлесуге барған. Алайда екі әйелдің арасындағы әңгіме жанжалға ұласып, қарсы тарап оған қол көтеріп, ұрып-соғып, итерген. Рақышеваның жазуынша, сол кезде әйелдің жанында болған баласына да күш көрсетілген.

Қазір үш баланың анасы полицияға арыз жазып, ажырасуға өтініш берген.

Адвокат осы жағдайға байланысты отбасылы ер азаматтарға үндеу жасады.

«Ер азамат үш баланың әкесі бола тұра, жарына опасыздық жасап, басқа әйелдерге барғаны дұрыс емес. Егер отбасы құруға, бір адамға адал болуға дайын болмасаңыз, үйленудің не қажеті бар? Үш баланы дүниеге әкелген әйелді жалғыз қалдырмай, ең алдымен балаларыңыздың жағдайын, олардың болашағын ойлаңыздар», – деп жазды Ләззат Рақышева.