Әділетхан Молдаханның сотында журналистер отырған кабинеттің есігін жауып қойған, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай айтты.
“Алмалы ауданаралық сотының қызметкерлері журналистердің құқығын шектеп, бізді сот ғимаратынан шығармай, кәсіби қызметімізге кедергі келтірді.
Бұл жағдай кеше де болған, бүгін тағы қайталанды.
Біздіңше, мұның мақсаты- журналистердің Әділетханнан сұхбат алуына мүмкіндік бермеу.
Егер сот қызметкерлері заң бұзса, оларды кім жауапқа тартады?”, - деп жазды журналист.
Бүгін блогер, заңгер Әділетхан Молдаханға үкім шығады.
Әділетхан Молдахан — қазақстандық заңгер, блогер және бұрынғы полиция қызметкері. Ол әлеуметтік желілерде жол қозғалысы ережелері, құқықтық мәселелер және қоғамдағы резонансты оқиғаларға қатысты пікірлерімен танылды. Сондай-ақ түрлі құқықтық кеңестер беріп, қоғамдық талқылауларға жиі қатысып жүрді.
2026 жылдың наурыз айының соңында ол Алматыдағы өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасына қатысты әлеуметтік желіде жариялаған мәліметтерінен кейін ұсталды. Кейін оған Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабының 2-бөлігі 3-тармағы бойынша («көрінеу жалған ақпарат тарату») айып тағылды. Іс бойынша жәбірленуші ретінде Алматы қалалық полиция департаментінің бұрынғы басшылығының екі өкілі танылған.
2026 жылғы маусымда Алмалы аудандық сотында өткен сот процесі кезінде Әділетхан Молдахан өзіне тағылған айыпты мойындайтынын мәлімдегені хабарланды. Ал соттан кейін жасаған мәлімдемесінде «тек шындықты айтқанын» жеткізген.