«Әділет» партиясы Мемлекет басшысы бастамашы болған конституциялық реформаларды одан әрі жалғастыруды көздеп отыр. Бұл туралы партия өкілдері 3 тамызда Ақтөбе қаласында өткен форумда мәлімдеді.
Іс-шара Республикалық сайлауалды штабтың Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында ұйымдастырылды. Форумда отбасы институтын нығайту, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, әлеуметтік саясатты жетілдіру және әйелдердің қоғамдық-саяси процестерге белсенді қатысуына жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Партия төрағасы Айбек Дәдебай «Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасы Мемлекет басшысы бастамашы болған конституциялық реформалардың заңды жалғасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бағдарламадағы басым бағыттардың бірі – отбасы институтын нығайту, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, сондай-ақ әйелдердің қоғамдық-саяси өмірдегі рөлін арттыру.
«Әділет» партиясы Мемлекет басшысының конституциялық реформаларын қолдайды және Конституцияда бекітілген әділеттілік, заң үстемдігі және адамға құрмет қағидаттарын нақты шешімдер арқылы жүзеге асыруды өзінің міндеті деп санайды. Сондықтан әйелдерді қолдау, балаларды қорғау және отбасы институтын нығайту – біз үшін негізгі басымдықтардың бірі», – деді Айбек Дәдебай.
Форум барысында Құрылтай депутаттығына кандидаттар Динара Зәкиева, Айжан Аймағанова, Ирина Тен, Ләззат Шыңғысбаева және Әлия Мәмбеталина партия бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.
Құрылтай депутаттығына кандидат Динара Зәкиева Мемлекет басшысының бастамасымен Қазақстанда балалардың құқығын қорғауға бағытталған 11 заң қабылданғанын еске салды.
«Партия жасанды интеллектіні пайдалану арқылы мүгедектікті проактивті түрде белгілеу жүйесін енгізуді, атаулы әлеуметтік ваучерлер жүйесін кеңейтуді, сегіз оңалту орталығын ашуды және ерекше қажеттілігі бар балалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлау бағдарламаларын жаңартуды ұсынады. Партия бағдарламасының негізінде әділеттілік қағидаты жатыр. Біз оның әрбір адамның, әсіресе қолдауға мұқтаж жандардың күнделікті өмірінде нақты жұмыс істеуіне күш саламыз», – деді Динара Зәкиева.
Сондай-ақ партия бағдарламасында балабақшаларда 79 мың орын, мектептерде 300 мың оқушы орнын ашу, тоғыз перинаталдық орталық салу және еліміздің барлық өңірінде инвазивті емес диагностика орталықтарын іске қосу көзделген.
Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ирина Тен мен Айжан Аймағанова тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған, сондай-ақ еңбек және әлеуметтік құқықтары бұзылған әйелдердің құқықтық көмек пен қажетті қорғауды уақытылы алуы маңызды екенін атап өтті.
Форумға қатысушылар психологиялық қолдау жүйесін дамытудың маңызына да тоқталды. Психология кафедрасының меңгерушісі, психология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Әлия Мәмбеталинаның айтуынша, «Әділет» партиясы психологиялық денсаулық мәселесін алғашқылардың бірі болып ашық көтеріп, оны өзінің саяси бағдарламасына енгізіп, азаматтардың психологиялық әл-ауқатын басым бағыттардың бірі ретінде айқындады.
«Бұл – уақыт талабына сай әрі маңызды шешім», – деді ол.
Жиын соңында кандидаттары партия тарапынан ұсынылған бастамалардың барлығы қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын жеткізді.
Форумнан кейін Республикалық сайлауалды штаб мүшелері мұнайшылар, металлургтер, кәсіпкерлер, өңірдегі ірі кәсіпорындардың еңбек ұжымдары және креативті жастар өкілдерімен кездесулер өткізеді.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.