Freedom Inside '26

Абай облысындағы шахтада лифттің күрт тоқтауынан алты жұмысшы зардап шекті

Абай облысындағы шахтада лифттің күрт тоқтауынан алты жұмысшы зардап шекті
Depositphotos.сom

Абай облысындағы шахтада лифттің күрт тоқтауынан алты жұмысшы зардап шекті. Оқиғаның нақты себебі әзірге анықталған жоқ, деп хабарлайды ult.kz informburo.kz-ке сілтеме жасап.

Абай облысындағы Орлов шахтасында шахта клетінің (жерасты лифті) күрт тоқтауынан алты жұмысшы зардап шекті. Бұл ақпаратты KAZ Minerals компаниясы растады.

Оқиға 1 шілде күні болған. Сол сәтте шахта лифтінде 15 адам болған.

«Клеть төмен түсіп келе жатқанда тіреуіштердің (кулак) біріне отырып қалды. "Кулак" – клеть белгілі бір жерасты қабатында тоқтаған кезде шығып, оны бір деңгейде ұстап тұратын тіреуіш. Төмен түсу кезінде сол тіреуіштердің бірі мезгілінен бұрын шығып кеткен. Соның салдарынан клеть қозғалыс барысында оған ілініп, күрт тоқтады», – деді компанияның корпоративтік байланыстар департаментінің менеджері Ермек Дүзкенев.

Оқиғадан кейін алты адам медициналық көмекке жүгінді. Үшеуі жеңіл жарақат алып, тексерістен соң үйлеріне жіберілді. Қалған үшеуі Семей қаласындағы ауруханаға жеткізілгенімен, кейін дәрігерлер оларды да шығарып жіберді. Қазіргі уақытта зардап шеккен барлық кенші амбулаториялық ем қабылдап жатыр.

Оқиғаның нақты себебі әлі анықталған жоқ.

«Себептері әртүрлі болуы мүмкін: жүйедегі ақау, адам факторынан кеткен қателік немесе басқа да жағдайлар. Әдетте мұндай оқиғаларды арнайы комиссия мен өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімі тексереді. Қажет болған жағдайда сыртқы ұйымдар да тартылады», – деді Ермек Дүзкенев.

Еске салсақ, 27 сәуірде Орлов шахтасында тау жынысының опырылуы салдарынан бір қызметкер қаза тапқан еді.