Абай облысында жүргізуші куәлігінен айырылған автобус жүргізушісі жолаушы тасымалдаған

Абай облысында жүргізуші куәлігінен айырылған автобус жүргізушісі жолаушы тасымалдаған
Polisia.kz

Абай облысында жолаушыларды заңсыз тасымалдаған жүргізуші анықталды. Полиция тексеру барысында автобусқа рұқсатсыз өзгеріс енгізілгенін және жүргізушінің көлік басқару құқығы уақытша тоқтатылғанын анықтады, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде полицейлер Алматы – Өскемен автожолының 769-шақырымында Yutong маркалы автобусты тоқтатқан.

Тексеру кезінде көліктің техникалық талаптарға сай емес екені белгілі болған. Атап айтқанда, автобус белгіленген тәртіппен келісілмей қайта жабдықталған. Ортаңғы есік зауыттық талаптарға сай келмейтін, қолдан жасалған конструкциямен орнатылған.

Сонымен қатар 42 жастағы жүргізушінің куәлігінің қолданылуы уақытша тоқтатылғаны анықталды. Соған қарамастан ол жолаушылар тасымалымен айналысқан.

Тәртіп сақшылары автобусты арнайы айыппұл тұрағына орналастырды. Қазіргі уақытта анықталған құқық бұзушылықтар бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданып жатыр.

Полиция өкілдері тасымалдаушыларға көліктердің техникалық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етуге және жүргізушілердің көлік басқару құқығына қатысты талаптарды қатаң сақтауға шақырды.