Актер Абай Асылхан бұрынғы жұбайы, актриса Жанель Мақажанның мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желіде жазба жариялап, отбасылық жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Бұған дейін Жанель Мақажан бұрынғы күйеуінің үш айдан астам уақыт бойы қыздарына материалдық және моральдық қолдау көрсетпегенін айтқан еді. Актрисаның сөзінше, ажырасу кезінде Абай Асылхан балалардың күтушісіне, балабақшасына, тамағына, киіміне және өзге де қажеттіліктеріне жұмсалатын шығындарды өтеуге уәде берген.
Алайда Абай Асылхан әлеуметтік желіде тараған ақпараттың кейбір тұстары шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Актердің айтуынша, Жанель екеуі бес жыл отасқан. Ал некені тоқтату туралы шешімді екеуі ақылдаса отырып қабылдаған. Ол ажырасуларына үшінші адамның қатысы болмағанын да атап өтті.
Сонымен қатар өнер иесі отбасындағы келіспеушіліктерді көпшілік алдында талқылауды дұрыс деп санамайтынын жеткізді. Оның сөзінше, ажырасуға байланысты құқықтық мәселелер заң аясында шешіліп жатыр.
Абай Асылхан балаларының алдындағы әкелік міндетін орындауды жалғастыратынын айтып, бұрынғы жұбайына деген құрметін сақтайтынын білдірді.
“Ол – балаларымыздың анасы, сондықтан өзара құрметті сақтауды маңызды деп санаймын”, – деп жазды актер.
Айта кетейік, Жанель Мақажан бұрынғы күйеуіне қатысты мәлімдеме жасады.
Жанель Мақажан кім?
Жанель Мақажан – қазақстандық театр және кино актрисасы, телехикаялар мен көркем фильмдер арқылы танылған өнер иесі. Ол 1987 жылы 27 наурызда Алматы қаласында дүниеге келген. Әкесі Тимур Мақажанов – актер әрі режиссер, ал анасы Бекзада Әбілхайырова театр саласында қызмет еткен. Өнерлі отбасында өскен Жанель бала кезінен сахнаға жақын болды. 2009 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын “Драма театры және кино актрисасы” мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында бастаған. 2015 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актерлік құрамына қабылданды. Театр сахнасында “Қыз Жібек”, “Лир патша”, “Алмас қылыш” және басқа да қойылымдарда түрлі кейіпкерлерді сомдаған.
Актриса кино саласында да өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған. Ол “Қош бол, Гүлсары!”, “Тоқал”, “Балуан Шолақ”, “Ауылдан қашу”, “Алаяқтар”, “Көрші” және “Өмірден кейін” жобаларына түскен. Сондай-ақ “Жұлдыздар тоғысқанда” фильмінде Нұрсұлтан Назарбаевтың анасы Әлжанның бейнесін сомдаған.
Жеке өміріне келсек, Жанель Мақажан 2021 жылы актер әрі жүргізуші Абай Асылханмен отбасын құрған. Актрисаның алғашқы некесінен екі баласы бар. 2025 жылдың желтоқсанында ол төртінші сәбиін дүниеге әкелгенін хабарлаған. Кейін ерлі-зайыптылардың ажырасқаны белгілі болды. 2026 жылдың қыркүйегінде Жанель Мақажан бұрынғы күйеуінің балаларына қолдау көрсетпей жүргенін мәлімдеді.