Алматыда биыл электросамокат қатысқан адам өлімімен аяқталған алғашқы жол-көлік оқиғасы тіркелді. Қайғылы жағдай түнде Шығыс айналма автожолында (ВОАД) болған, деп хабарлайды ult.kz.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 54 жастағы ер адам электросамокатпен жолдың сол жақ шеткі жолағымен қозғалған. Алдын ала мәлімет бойынша, оның жылдамдығы сағатына шамамен 90 шақырымға жеткен.
Ер адам жеңіл көлікті басып озу кезінде рөлге ие бола алмай, жоғары жылдамдықпен асфальтқа құлаған. Қатты соққыдан оның қорғаныш дулығасы басынан ұшып кеткен.
Алған жарақаттарынан самокат жүргізушісі жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында көз жұмған.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция жол апатының барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, жыл басынан бері Алматыда электросамокаттардың қатысуымен 91 жол апаты болған. Соның салдарынан 96 адам түрлі дәрежеде жарақат алған. Бұл биыл электросамокат қатысқан адам өлімімен аяқталған алғашқы жол-көлік оқиғасы.