8 қазанға арналған ауа райы болжамы

8 қазанға арналған ауа райы болжамы
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

8 қазанда Қазақстанның солтүстігі, шығысы мен орталығында ауа райы құбылмалы болады. Кей өңірлерде жаңбыр жауып, шығыста қар аралас жауын-шашын күтіледі. Ал еліміздің батысы мен оңтүстігінде күн негізінен жауын-шашынсыз болады, деп хабарлайды ult.kz.

Қазгидрометтің мәліметінше, циклон мен атмосфералық фронттардың әсерінен 8 қазанда солтүстік, шығыс, орталық және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында тұрақсыз ауа райы сақталады. Солтүстік пен орталықта жаңбыр, шығыста жаңбыр мен қар жауады. Республика бойынша жел күшейіп, кей жерлерде тұман түседі. Шығыс өңірлерде түнгі уақытта көктайғақ болуы ықтимал.

Астана: көшпелі бұлтты, кей уақытта жаңбыр жауады. Түнде ауа температурасы +5…+7°C, күндіз +11…+13°C болады. Оңтүстік-батыстан 9-14 м/с жел соғып, екпіні 15-20 м/с-қа, түнде және таңертең кей уақытта 23 м/с-қа дейін жетеді.

Алматы: көшпелі бұлтты, жауын-шашынсыз. Түнде шамамен +7…+10°C, күндіз +17…+19°C. Жел әлсіз, негізінен 3-8 м/с болады.

Шымкент: көшпелі бұлтты, жауын-шашын күтілмейді. Түнде +6…+8°C, күндіз +21…+23°C. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 7-12 м/с болады.

Жалпы, 8-10 қазан аралығында елдің солтүстік-батысы, солтүстігі мен орталығында біртіндеп салқындайды. Бұл өңірлерде алдағы күндері түнгі температура кей жерлерде -1…-6°C-қа дейін төмендеуі мүмкін. Шығыста да күн суытып, күндізгі температура +2…+7°C шамасына дейін түсуі ықтимал.

Ал оңтүстік пен оңтүстік-шығыста салыстырмалы түрде жылы ауа райы сақталады. Мұнда күндіз ауа температурасы негізінен +17…+25°C болады. Таулы аудандарда түнде 2°C-қа дейін үсік жүруі мүмкін. Батыс өңірлерде де күн жылы болып, алдағы күндері ауа температурасы +22…+27°C-қа дейін көтеріледі.

Синоптиктер жүргізушілерге шығыс өңірлердегі көктайғаққа, ал тұрғындарға екпінді жел мен тұман кезінде сақ болуды ескертеді.