6 қазанда Қазақстанның басым бөлігінде ауа райы тұрақсыз болады. «Қазгидромет» мәліметінше, циклон мен атмосфералық фронттардың әсерінен ел аумағында жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын түседі. Солтүстік-шығыс пен оңтүстік-шығыста жауын-шашынның қарқыны күшеюі мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.
Синоптиктер республика бойынша жел күшейетінін ескертеді. Солтүстікте жаяу бұрқасын, солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс өңірлерде көктайғақ болжанған. Ал оңтүстікте шаңды дауыл болуы ықтимал. Кей аймақтарда түнде және таңертең тұман түседі.
Астанада 6 қазанда күн бұлтты болады. Түнде де, күндіз де жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын күтіледі, көктайғақ пен жаяу бұрқасын болуы мүмкін. Түнде ауа температурасы 0…+2°C, күндіз +2…+4°C шамасында болады. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні 15–20 м/с-қа, түнде кей уақытта 23 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Алматыда ауа райы біршама тынышталады. Түнде +5…+7°C, күндіз +13…+15°C шамасында болады. Түннің алғашқы жартысында жаңбыр жаууы мүмкін, ал күндіз жауын-шашын күтілмейді. Желдің екпіні түнде 13 м/с-қа дейін жетеді.
Жалпы, 6–8 қазан аралығында елдің батысында күн жылына бастайды: түнде +2…+12°C, күндіз +17…+22°C-қа дейін көтеріледі. Солтүстік пен солтүстік-батыста түнгі температура кей жерлерде нөлден төмен түсуі мүмкін. Шығыс пен орталықта түнде негізінен 0…+7°C, күндіз +2…+15°C болады. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста күндіз ауа температурасы +17…+22°C-қа дейін жоғарылайды.
Жүргізушілерге көктайғақ пен екпінді жел кезінде жолда сақ болған жөн. Ал солтүстік және шығыс өңірлердің тұрғындарына жылы киініп, ауа райының күрт құбылуына дайын болған дұрыс.