571 аттың күшіне ие жаңа Li Auto L9 Қазақстанға келді: Бағасы қанша тұрады?

571 аттың күшіне ие жаңа Li Auto L9 Қазақстанға келді: Бағасы қанша тұрады?
kolesa.kz

Қазақстанда екінші буындағы жаңа Li Auto L9 ресми түрде таныстырылды. Қытайлық премиум кроссовердің экспорттық нұсқасы еліміздегі дилерлік орталықтарға жеткізілді. Автомобильдің Қазақстандағы бағасы комплектациясына қарай 44 млн теңгеден 51,9 млн теңгеге дейін жетеді, деп хабарлайды ult.kz.

Kolesa.kz жазуынша, жаңа модель алғаш рет көктемде Бейжің халықаралық автосалонында көрсетілген. Ал жаз ортасында Li Auto L9 Қазақстанға келді. Бұл – қытайлық бренд тарихындағы алғашқы шетелдік премьералардың бірі.

Қазақстанға экспорттық Li Auto L9 әкелінді

Қазақстан нарығына жеткізілген Li Auto L9 Қытайдың ішкі нарығына арналған нұсқадан ерекшеленеді. Кроссовер Еуропа стандартына сәйкес келетін CCS2 қуаттау портымен жабдықталған.

Экспорттық модель иелері арнайы мастер-аккаунт ашып, Li Auto мобильді қосымшасының барлық мүмкіндігін пайдалана алады. Қосымша арқылы көліктің кейбір функциясын қашықтан басқаруға мүмкіндік беріледі.

Сонымен қатар Li Auto L9 Қазақстанда зауыттан "Яндекс" сервистері орнатылған алғашқы автомобильдердің бірі болмақ. Жүргізушілерге жанармай бекеттері көрсетілетін навигация, музыка, бейнеконтент және "Кинопоиск" сервисі қолжетімді болады.

Кроссовердің мультимедиялық жүйесі интернет арқылы сымсыз жаңартылады.

Жаңа Li Auto L9 көлемі ұлғайды

Екінші буындағы Li Auto L9 бұрынғы модельден ірілене түскен. Көліктің ұзындығы 37 миллиметрге артып, 5255 миллиметрге жетті.

Дөңгелек базасы 20 миллиметрге ұзарып, 3125 миллиметр болды. Сонымен қатар автомобильдің ені 2 миллиметрге, биіктігі 10 миллиметрге артқан.

Жаңа L9 алты адамға арналған кең салонмен жабдықталған. Алдыңғы панельде 29 дюймдік экран орналасқан. Бұрын рөл үстінде болған шағын аспаптар панелі алынып тасталып, негізгі ақпарат проекциялық дисплей арқылы көрсетіледі.

Есік картасындағы дәстүрлі тұтқаның орнын батырма басқан. Қосымша опция ретінде есікті электр жетегі арқылы ашуға болады.

Li Auto L9 салонында қандай мүмкіндіктер бар?

Жаңа Li Auto L9-дың базалық жабдықталуының өзі жоғары деңгейдегі жайлылықты ұсынады.

Бірінші және екінші қатардағы орындықтарда:

  • жылыту;
  • желдету;
  • массаж функциясы қарастырылған.

Автомобильде жүргізуші мен жолаушыларға арналған жеті аймақты климат-бақылау жүйесі бар. Ол аяқ пен денеге бағытталатын ауа температурасын бөлек реттеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ кроссоверге есік картасы мен шынтақ тіреуіштерін жылыту, панорамалы шатыр мен артқы әйнектерді күңгірттейтін электрофотохромды жүйе орнатылған.

Салонда белсенді шу басу жүйесі, 33 динамиктен тұратын аудиожүйе және артқы қатардағы жолаушыларға арналған 21,1 дюймдік экран бар.

Li Auto L9 қозғалтқышының қуаты қандай?

Li Auto L9 – тізбекті гибрид. Көліктегі 1,5 литрлік бензин қозғалтқышы дөңгелектерді тікелей айналдырмайды, ол электр энергиясын өндіретін генератор ретінде жұмыс істейді.

Кроссовер екі электр қозғалтқышымен жабдықталған. Күштік қондырғының жалпы қуаты 571 ат күшіне, ал айналу моменті 710 Нм-ге тең.

Автомобильге сыйымдылығы 72,7 кВт·сағ болатын NMC аккумуляторы орнатылған.

Li Auto L9 тек электр қуатымен:

  • CLTC циклі бойынша 420 шақырым;
  • WLTC стандарты бойынша 340 шақырым жүре алады.
  • Ал экспорттық нұсқаның толық жүріс қоры 1370 шақырымға дейін жетеді.

Жаңа кроссовердің аспасы жаңартылды

Li Auto L9-дың алдыңғы бөлігі қос көлденең иінтіректі аспамен, ал артқы бөлігі көп иінтіректі аспамен жабдықталған. Кроссоверде екі камералы пневматикалық баллондар және 800 вольттық жүйеден қуат алатын гидравликалық тіректер қолданылады.

Бұл технология әр дөңгелектің жеке жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп, бұрылыста және нашар жолда шанақтың шайқалуын азайтады.

Автомобильдің артқы дөңгелектері 7 градусқа дейін бұрыла алады. Соның арқасында ірі кроссовердің бұрылу радиусы 5,3 метрге дейін қысқарған. Рөл мен дөңгелектер арасында дәстүрлі механикалық байланыс жоқ. Жүргізуші рөлдің айналым санын электронды түрде реттей алады.

Li Auto L9 Қазақстанда қанша тұрады?

Қазақстандағы ресми автосалондарда жаңа Li Auto L9 екі комплектацияда ұсынылады:

  • Li Auto L9 Ultra – 44 млн теңгеден басталады;
  • Li Auto L9 Livis – 51,9 млн теңгеден басталады.

Livis нұсқасының шанағы екі түске боялады және жабдықталу деңгейі жоғары.

15 қыркүйекке дейін алдын ала тапсырыс берген алғашқы сатып алушыларға 1 млн теңге жеңілдік ұсынылады.

Жаңа Li Auto L9 Қазақстандағы автосалондарға тамыз айында жеткізіледі. Салыстыру үшін, алдыңғы буындағы Li Auto L9 елімізде шамамен 41,1 млн теңге тұрады.