Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мұнай өнімдері мен жанар-жағармайды ел аумағынан заңсыз шығаруға қарсы күресті күшейтті. Ведомство мәліметінше, соңғы бір айдың өзінде шамамен 12 тонна жанармайды заңсыз әкету әрекетінің жолы кесілген, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz жазуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік шекарадағы 48 автокөлік өткізу пунктінде патрульдік полицияның 59 бекеті жұмыс істеп тұр. Полиция қызметкерлері көлемі ұлғайтылған жанармай бактарымен жабдықталған көліктерді анықтап, олардың заңсыз әрекеттеріне тосқауыл қоюда.
ІІМ әсіресе шекара маңында орналасқан Жамбыл, Түркістан және Маңғыстау облыстарына ерекше назар аударып отыр. Бұл өңірлерде қайта жабдықталған көліктерді анықтау және заңсыз жанармай тасымалының алдын алу бойынша қосымша шаралар қабылданған.
Сонымен қатар құқық қорғау органдары көліктерге қосымша жанармай бактарын орнатумен айналысатын техникалық қызмет көрсету станцияларын тексеруде. Мәселен, Қордай ауылында полиция мен мемлекеттік кірістер органдарының қызметкерлері бірлесіп 16 техникалық қызмет көрсету станциясына тексеру жүргізген. Нәтижесінде алты нысан иесіне қатысты әкімшілік материалдар рәсімделді.
ІІМ мәліметінше, соңғы айда қайта жабдықталған жанармай бактары бар 54 автокөлік анықталып, олардың иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Ведомство мұнай өнімдері мен жанар-жағармайдың заңсыз тасымалына қарсы күрес жалғасатынын және бұл мәселе министрдің тұрақты бақылауында екенін атап өтті.