Үндістанда Даулат Гири Джи Махарадж есімді ер адам Шива құдайына берген сертіне адал болып, бес жылдан бері бір сәтке де отырмай, тік тұрған күйде өмір сүріп келеді, деп хабарлайды ult.kz.
Ол индуизмдегі ең ауыр рухани тәжірибелердің бірі саналатын «кхада тапасья» аскезасын орындауда. Бұл серт бойынша ер адам 12 жыл бойы аяқтарын бүкпей, үнемі тік тұруы тиіс. Оның айтуынша, ұйықтау мен тамақтануды да арнайы ағаш тірекке сүйеніп, тік тұрған күйде жүзеге асырады.
Даулат Гири Джи Махарадж бұл сынақ аяқталған соң ерекше рухани күшке ие болып, Шива құдайының құдіретін сезіне алатынына сенеді.
Алайда дәрігерлер оның денсаулығына қатысты алаңдаушылық білдіруде. Мамандар ұзақ уақыт бойы қозғалыссыз тік тұрудың салдарынан аяқтарындағы қан айналымы бұзылып, тромбоз белгілері пайда болғанын айтады. Сондай-ақ аяқтарының қарая бастағаны хабарланған.
Дәрігерлердің пікірінше, егер бұл жағдай жалғаса берсе, ер адам рухани мақсатына жеткенге дейін аяқтарынан айырылып қалу қаупіне тап болуы мүмкін.