450 мыңға жуық балаға мектепке дайындалуға қаржылай көмек көрсетіледі

450 мыңға жуық балаға мектепке дайындалуға қаржылай көмек көрсетіледі
ашық дереккөз

Қазақстанда 2026–2027 оқу жылы қарсаңында әлеуметтік осал санаттағы 450 мыңға жуық балаға мектепке дайындалуға қаржылай қолдау көрсетіледі, деп хабарлайды ult.kz.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Жалпыға міндетті білім беру қоры аясында оқушыларға мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алуға қаражат бөлінеді. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден шамамен 23 млрд теңге қарастырылған.

Биыл бір балаға берілетін көмектің ең төменгі мөлшері – 50 851 теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға жоғары. Жергілікті бюджет мүмкіндігіне қарай кейбір өңірлерде төлем көлемі бұдан да көп болуы мүмкін.

Қаржылай қолдау жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, аз қамтылған және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған оқушыларға көрсетіледі.

Төлемді алу үшін ата-аналар немесе заңды өкілдер қажетті құжаттарды баланың білім алып жатқан ұйымына тапсыруы тиіс.