Павлодар облысында 4 жастағы ерекше баланы ұрып-соғып, күш қолданған 20 жастағы дене шынықтыру нұсқаушысына сот үкімі шықты. Ол кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамай, қатыгездік танытқаны үшін кінәлі деп танылды. Алайда рақымшылыққа байланысты негізгі жазадан босатылды, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға былтыр қазанда Екібастұздағы жекеменшік түзету орталығында болған. Аутизм спектрі бұзылған қыздың сабақтан кейін қолы жарақаттанып, дәрігерлер сүйегі шытынағанын анықтаған.
Ата-анасы бейнебақылау жазбасын қарап, полицияға арызданған. Тергеу барысында нұсқаушының баланы білегінен ұстап, зал ішінде сүйреткені, басынан итеріп құлатқаны және аяғына отырып алғаны анықталды. Бұл әрекеттер шамамен жарты сағатқа созылған.
Сот нұсқаушыны Қылмыстық кодекстің 140-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сонымен қатар ол үш жылға педагогикалық қызметпен және балалармен жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Негізгі жаза рақымшылыққа байланысты қолданылмады. Бұған қоса, сотталушы жәбірленуші отбасына 500 мың теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.
Баланың анасы рақымшылық қолдану туралы шешіммен келіспейтінін айтты. Оның сөзінше, қызы әлі де оңалтудан өтіп жатыр, ұйқысы бұзылып, бейтаныс адамдардан қорқу белгілері сақталған.