34 келі героинмен ұсталған: Шымкент тұрғыны 23 жылдан кейін сотталды

34 келі героинмен ұсталған: Шымкент тұрғыны 23 жылдан кейін сотталды
ашық дереккөз

Шымкентте 23 жыл бұрын аса ірі мөлшерде героин тасымалдауға қатысы бар ер адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.

Сот материалдарына сәйкес, 2003 жылы Шымкент тұрғыны халықаралық ұйымдасқан қылмыстық топтармен байланыста болып, есірткі заттарын көтерме бағамен шетелге өткізумен айналысқан. Сол жылы ол топ жетекшісінен аса ірі мөлшерде героин жеткізу туралы тапсырма алған.

Тапсырманы орындау үшін қараша айында сыбайласымен бірге Шымкенттен Ақтөбеге көлікпен жолға шыққан. Алайда «Шымкент–Самара» тас жолында көлікті полиция тоқтатқан.

Тінту кезінде жанармай құюға арналған орыннан ұнтақ тәрізді зат салынған 35 пакет табылған. Сараптама олардың жалпы салмағы 34 келіден асатын героин екенін анықтаған.

«Автокөлікті қарап-тексеру барысында жанармай құю орнынан ұнтақ тәрізді заттар салынған 35 дана пакет, яғни аса ірі мөлшердегі салмағы 34 047,41 грамм "героин" есірткі заты тәркіленіп алынған», – делінген сот үкімінде.

Алайда күдікті сол кезде қашып кеткен. Ол тек 2024 жылы Ресейде ұсталып, бір жылдан кейін Қазақстанға экстрадицияланған.

Сотта ер адамның кінәсі дәлелденді. Алайда ол тағылған айыпты мойындамай, ақтау үкімін шығаруды сұраған.

Сот оны 13 жылға бас бостандығынан айырды. Үкім заңды күшіне енді.