29 шілде – Халықаралық жолбарыстар күні. Осыған орай Экология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстанда Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жобасының жүзеге асырылып жатқанын еске салды, деп хабарлайды ult.kz.
Министрліктің мәліметінше, бір кездері қазақ даласын мекендеген Тұран жолбарысы адам әрекетінің салдарынан табиғаттан жойылып кеткен. Қазір еліміз бұл жыртқышты тарихи мекеніне қайта қайтаруға бағытталған ауқымды экологиялық жобаны жүзеге асыруда. Жобаның мақсаты – сирек жануарды ғана емес, тұтас экожүйенің табиғи тепе-теңдігін қалпына келтіру.
Бұл бастамада «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты негізгі рөл атқарады. Мұнда жолбарыстың тіршілігіне қолайлы орта қалыптастырылып, қорек базасын нығайту және биоалуантүрлілікті сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Жоба аясында 2024 жылы Нидерландтан, ал 2026 жылы Ресей Федерациясынан Амур жолбарыстары жеткізілді. Қазіргі уақытта резерваттағы арнайы вольер кешенінде алты жолбарыс жаңа ортаға бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Бұл Тұран жолбарысын тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жолындағы маңызды кезеңдердің бірі саналады.
Экология министрлігі жолбарыстың табиғаттағы орны ерекше екенін атап өтті. Ведомствоның мәліметінше, бұл жыртқыш экожүйенің саулығы мен табиғи тепе-теңдіктің маңызды көрсеткіші болып табылады.
Министрлік табиғатты қорғау әр азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін айтып, жабайы табиғатты сақтауға бағытталған жұмыстардың болашақ ұрпақ үшін маңызды екенін жеткізді.