287 орама мефедрон: Қарағанды облысында ірі есірткі арнасы әшкереленді

287 орама мефедрон: Қарағанды облысында ірі есірткі арнасы әшкереленді
Polisia.kz

Қарағанды облысында полицейлер есірткі жеткізу арнасының жолын кесіп, ірі көлемдегі синтетикалық есірткіні тәркіледі, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz порталының жазуынша, Балқаш қаласында жүргізілген жедел іс-шара барысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Теміртау қаласының 23 жастағы тұрғынын ұстады. Тексеру кезінде оның жанынан есірткіге ұқсас заты бар 139 орама табылған.

Күдіктінің жеке заттарын қарау барысында тағы 110 орама анықталды. Сонымен қатар полицейлер жедел-іздестіру шаралары кезінде жасырын орындардан қосымша 38 ораманы тәркіледі.

Нәтижесінде заңсыз айналымға шығарылмақ болған жалпы саны 287 орама есірткі қолға түсті.

Тергеу барысында күдіктіден екі ұялы телефон тәркіленіп, ондағы хат алмасулар зерттелді. Полицейлер оның есірткі таратуды ұйымдастырған тұлғадан нақты тапсырмалар алып отырғанын анықтаған.

Сараптама қорытындысы тәркіленген заттың мефедрон екенін растады. Оның жалпы салмағы 300 грамнан асқан.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.