Freedom Inside '26

2,6 млрд теңге субсидияны жымқырды: экс-депутат казиноға 170 миллион теңге ұттырған

2,6 млрд теңге субсидияны жымқырды: экс-депутат казиноға 170 миллион теңге ұттырған
Видеодан скриншот

Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға бөлінген 2,6 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеу аяқталды. Іс материалдары сотқа жолданды, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық схеманы Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты ұйымдастырған. Ол ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесі мен мемлекеттік субсидиялау тетіктерін пайдаланып, бюджет қаржысын заңсыз алу жүйесін құрған.

ҚМА мәліметінше, схемаға ұйымдастырушыға қарасты кәсіпорындар мен Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығы тартылған. Олар өнеркәсіптік таңқурай алқаптарын отырғызуға арналған элиталық көшеттерді сатып алғаны туралы жалған құжаттарды уәкілетті органдарға тапсырған.

Тергеу барысында жалған сатып алу-сату шарттары, қабылдау-тапсыру актілері, электрондық шот-фактуралар және отырғызу материалын өндірушілерді аттестаттау құжаттары рәсімделгені анықталды. Алайда көрсетілген көлемдегі көшеттер іс жүзінде жеткізілмеген, ал кейбір шаруашылықтардың өнеркәсіптік көлемде таңқурай өсіруге мүмкіндігі болмаған.

Осының салдарынан мемлекеттен 2,6 миллиард теңгеден астам субсидия заңсыз алынған.

Тергеу дерегіне сәйкес, заңсыз алынған қаражаттың 491 миллион теңгесі қор нарығындағы операцияларға бағытталған. Ол үшін күдіктінің жұбайының атына брокерлік шот ашылып, қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздары сатып алынған.

Бұдан бөлек, 400 миллион теңге уақытша қаржылай көмек көрсету сылтауымен iSolutions Capital микроқаржы ұйымына аударылып, кейін кезең-кезеңімен қолма-қол ақшаға айналдырылған.

Сондай-ақ күдікті ұрланған қаражаттың 170 миллион теңгесін Қонаев қаласындағы казинода құмар ойындарға жұмсағаны анықталған.

Сот санкциясымен күдіктілердің төрт пәтеріне, үш автокөлігіне, жеке тұрғын үйіне және бағалы қағаздарына тыйым салынды. Үш күдікті қамауға алынып, қылмыстық іс сотқа жіберілді.

Еске салайық, бұған дейін бұл іс бойынша Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты Бекет Әбішев пен өзге де тұлғалардың күдікке ілінгені хабарланған болатын. Тергеу барысында Ауыл шаруашылығы министрлігі департаменттерінің бұрынғы директорларының бірінің де 2018–2022 жылдары Жамбыл және Түркістан облыстарында субсидия алу кезіндегі алаяқтық схемаға қатысы болғаны анықталған.