25 жыл түрмеде отырып шыққан ер адам әйелге шабуыл жасап, тағы 9 жылға сотталды

25 жыл түрмеде отырып шыққан ер адам әйелге шабуыл жасап, тағы 9 жылға сотталды
ашық дереккөз

Петропавл маңында бостандыққа шыққанына көп уақыт өтпей әйелге шабуыл жасаған ер адам тағы 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға 19 маусымда болған. Сот мәліметінше, Валерий Кричиневский велосипедпен келе жатқан әйелді тоқтатып, жоғалған сиырын іздеп жүргенін айтқан. Кейін оны мойнынан қылғындырып, жерге құлатып, пышақпен қорқытып, орманға бірге баруды талап еткен.

Алайда қылмыскердің әрекетін жолмен өтіп бара жатқан ер адам байқап қалған. Осы сәтті пайдаланған жәбірленуші қашып кеткен.

Кричиневский бұған дейін қарақшылық, зорлау және кәмелетке толмаған балаға қатысты сексуалдық зорлық-зомбылық әрекеті үшін 25 жылға сотталған. Жазасын толық өтеп, 2024 жылғы 12 қаңтарда босап шыққан.

Бұл жолы сот оны ҚР ҚК 121-бабының 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын барынша жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.