Алматыдағы бұған дейін Қайрат Сатыбалдының бақылауында болған «Байсат» базары 24,8 млрд теңгеге сатылды. Нысан 7 тамызда өткен аукционда ERG-дің Қазақстандағы құрылымының бас директоры Құдрат Шамиевтің бақылауындағы компанияға өткен, деп хабарлайды ult.kz.
Zanamiviehali арнасының мәліметінше, базар 24 млрд 772 млн 753 мың 285 теңгеге сатылған. Аукцион Sauda порталында өткен.
Нысанды сатып алған компания аукционға дейін небәрі төрт ай бұрын құрылған. Оның негізгі қызметі – холдингтік компанияларды басқару және жылжымайтын мүлікті жалға беру. Компанияның құрылтайшысы әрі басшысы – ERG бас директоры Құдрат Шамиев.
Шамиев 2026 жылғы 30 мамырда Қазақстандағы Eurasian Resources Group құрылымына кіретін «Еуразиялық Топ» ЖШС-нің бас директоры болып тағайындалған. Бұған дейін ол Integra Construction KZ компаниясының директорлар кеңесін басқарған.
БАҚ соңғы айларда Шамиевтің бақылауындағы заңды тұлғалар саны күрт артқанын жазды. Оның ішінде тау-кен, металлургия және тауар саудасы бағытындағы бірнеше жаңа холдинг бар.
«Байсат» базарының жаңа иесі туралы ақпарат Қайрат Сатыбалдының бұрынғы активтерінің кейінгі тағдырына қатысты пікірталастар аясында жарияланып отыр.