Қазақстанда басқа өңірге көшкендерге 10 млн теңгеден астам көмек берілуі мүмкін

Қазақстанда басқа өңірге көшкендерге 10 млн теңгеден астам көмек берілуі мүмкін
ашық дереккөз

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда басқа өңірге ерікті түрде қоныс аударған азаматтарға көшу шығынын өтеу, жалдамалы баспана ақысын төлеу және үй сатып алу үшін қаржылай қолдау көрсетіледі. Төрт адамнан тұратын отбасы көшуге арналған біржолғы субсидия ретінде 1,3 млн теңгеден астам қаражат ала алады, деп хабарлайды ult.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 13 қазандағы №401 бұйрығымен ерікті қоныс аударудың жаңа қағидалары бекітілген. Бағдарлама жұмыс күші тапшы өңірлерге көшіп, сонда жұмыс істеуге немесе кәсіп ашуға дайын азаматтарды қолдауға бағытталған.

Қандай өңірлерден көшуге болады?

Бағдарламаға жұмыс күші артық өңірлердің тұрғындары қатыса алады. Олардың қатарында:

  • Алматы облысы;
  • Жамбыл облысы;
  • Маңғыстау облысы;
  • Түркістан облысы;
  • Астана, Алматы және Шымкент қалалары бар.

Қоныс аударушыларды қабылдайтын елді мекендердің тізімі бөлек бекітіледі. Сондықтан аталған өңірлердің кез келгенінен кез келген елді мекенге көше беруге болмайды.

Бағдарламаға жұмыссыз азаматтар, сұранысқа ие мамандық иелері, шаруа қожалықтарының басшылары және қандастар қатыса алады. Сондай-ақ жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары елді мекендерге бір облыстың ішінде де қоныс аударуға болады.

Көшуге қанша ақша беріледі?

Біржолғы субсидия әр отбасы мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде төленеді.

2027 жылға есеп ретінде алынған 4 693 теңге мөлшеріндегі АЕК бойынша бір адамға 328 510 теңге беріледі.

Отбасы мүшелеріне қарай төленетін субсидия

  • 1 адам - 328 510 ₸
  • 3 адам - 985 530 ₸
  • 4 адам - 1 314 040 ₸
  • 6 адам - 1 971 060 ₸

Есеп 2027 жылға болжанған АЕК мөлшері негізінде жасалған.

Алайда бұл қаражат көшу бойда берілмейді. Өтініш беруші немесе оның еңбекке қабілетті отбасы мүшесі жаңа өңірде кемінде үш ай қатарынан ресми жұмыс істеп, ол үшін әлеуметтік аударымдар жасалуы керек.

Жалдамалы баспанаға өтемақы төленеді

Мемлекет қоныс аударған азаматтардың жалдау ақысы мен коммуналдық қызмет шығындарын да өтейді. Төлем мөлшері елді мекенге және отбасы мүшелерінің санына байланысты болады.

Өтемақы ең көбі 12 айға дейін төленеді. Мысалы, қалаға көшкен төрт адамнан тұратын отбасы бір жыл ішінде жалдамалы баспанаға 1 407 900 теңгеге дейін өтемақы ала алады.

Бұл көмекті алу үшін жалдау шарты болуы қажет. Сонымен қатар өтініш беруші немесе оның еңбекке қабілетті отбасы мүшесі жаңа жерде кемінде алты ай үздіксіз жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдар жасалғанын растауы тиіс.

Егер азамат заңнамада көзделген тәртіппен мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алса, жалдау ақысы мен коммуналдық шығындарға өтемақы берілмейді.

Үй сатып алуға 7,6 млн теңгеге дейін беріледі

Бағдарлама аясындағы ең ірі қолдау түрі – экономикалық ұтқырлық сертификаты. Оның мөлшері 1 625 АЕК-ке тең. 2027 жылға есеп ретінде алынған көрсеткіш бойынша бұл – 7 626 125 теңге.

Сертификатты қоныс аударған өңірден үй сатып алуға немесе ипотеканың бастапқы жарнасына пайдалануға болады.

Оны алу үшін азамат жаңа өңірде кемінде 12 ай қатарынан ресми жұмыс істеп, әлеуметтік аударымдар жасалғанын растауы керек.

Баспана бағдарлама бойынша қоныс аударушы тұрақты тұратын елді мекеннен алынуы тиіс. Үйді жұбайынан немесе жақын туыстарынан сатып алуға рұқсат етілмейді.

Егер сатып алынатын үйдің құны сертификат сомасынан төмен болса, мемлекеттік қолдау оның бағалау құнынан аспайды. Ал сертификат арқылы сатып алынған баспана бес жылға дейін сатылса, қаражатты мемлекетке қайтару міндеті туындауы мүмкін.

Төрт адамнан тұратын отбасы қанша қаражат ала алады?

Мысалы, төрт адамнан тұратын отбасы бағдарламаның барлық талаптарын орындаған жағдайда:

  • көшуге арналған субсидия – 1 314 040 теңге;
  • қалалық жалдамалы баспанаға бір жылдық өтемақы – 1 407 900 теңгеге дейін;
  • үй сатып алуға арналған сертификат – 7 626 125 теңгеге дейін ала алады.

Осылайша, қолдаудың жалпы есептік мөлшері 10 348 065 теңгеге дейін жетуі мүмкін. Бірақ бұл қаражат бірден берілмейді: төлемдер кезең-кезеңімен тағайындалып, әрқайсысы бойынша жеке талаптар орындалуы қажет.

Қандай жағдайда ақшаны қайтаруға тура келеді?

Қоныс аударған азамат жаңа өңірде тұруға және бағдарлама талаптарын орындауға міндетті. Егер ол өз еркімен бес жыл ішінде өңірден кетсе, алған мемлекеттік қолдауын қайтаруы талап етілуі мүмкін.

Уәкілетті орган азаматқа хабарлама жібереді. Оған жауап беру үшін 15 жұмыс күні беріледі. Қаражатты ерікті түрде қайтарудың ең ұзақ мерзімі – алты ай. Ақша қайтарылмаса, мәселе сот арқылы шешілуі мүмкін.

Бұдан бөлек, соңғы бес жылда үкімет айқындаған өңірлерде жеке баспанасы болған азаматтарға немесе жалған мәлімет ұсынған адамдарға қолдау көрсетуден бас тартылуы ықтимал.

Жұмыс берушілерге де қолдау қарастырылған

Жаңа қағидалар бойынша басқа өңірден қызметкер шақыратын жұмыс берушілерге де субсидия берілуі мүмкін.

Егер компания қоныс аударушымен кемінде екі жылға тұрақты еңбек шартын жасаса, 400 АЕК мөлшерінде, яғни есеп бойынша 1 877 200 теңге субсидия ала алады. Бұл ретте жұмыс беруші қызметкердің көшу шығындарын өтеп, баспанасын жалдау ақысын төлеуге міндетті.

Тағы бір нұсқа бойынша, жұмыс беруші қызметкермен бес жылдан астам мерзімге шарт жасасып, оған баспана сатып алып берсе, мемлекет нақты шығынның жартысын, бірақ 5 443 880 теңгеден аспайтын соманы өтей алады. Мұндай жағдайда шарттағы міндеттемелер орындалған соң баспана қызметкердің меншігіне берілуі тиіс.

Бір қызметкер үшін осы екі қолдау түрін қатар пайдалануға болмайды. Сонымен бірге жұмыс берушінің осы тетігі арқылы көшкен азамат жеке қоныс аударушыларға арналған субсидия мен тұрғын үй сертификатын ала алмайды.

Қалай өтініш беруге болады?

Алдымен қоныс аударуды жоспарлаған елді мекеннің бағдарлама тізіміне кіретінін тексеру қажет. Қолжетімді бағыттар туралы ақпарат Электрондық еңбек биржасында жарияланады.

Өңіраралық қоныс аудару үшін азаматты немесе қандасты қабылдау өңірінің квотасына енгізу туралы шешім қажет. Көшкеннен кейін қатысушымен әлеуметтік келісімшарт жасалады.

Өтініштерді электрондық цифрлық қолтаңба арқылы migration.enbek.kz порталы арқылы беруге болады.

Жаңа қағидалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Ал қаржыландыру мен төлемдерді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы жүргізуге қатысты жекелеген нормалар шілде айынан бастап қолданылады.