Қазақстанда $1 млрд-қа инклюзивті мектептер желісі салынуы мүмкін

Қазақстанда $1 млрд-қа инклюзивті мектептер желісі салынуы мүмкін
Үкімет

Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов IX Kazakhstan Global Investment Roundtable (Жаһандық инвестициялар бойынша қазақстандық дөңгелек үстел) іс-шарасына қатысты, деп хабарлайды ult.kz.

Биылғы іс-шараның Шымкент қаласында өтуі Еуразияның негізгі сауда ағындары мен Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің тоғысында орналасқан мегаполистің қарқынды дамуын көрсетеді.

Пленарлық отырыс басталар алдында Олжас Бектенов шетелдік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан өңдеу өнеркәсібін, АӨК, энергетика және басқа да салалардағы бірқатар жобамен танысты. 

KGIR-2026 алаңынна сындарлы диалог орнатуды мақсат еткен 40-тан астам елден келген 500-ден астам инвестор мен бизнес өкілі жиналды.

Премьер-министр жетекші шетелдік компаниялар жаңа жобалары үшін Қазақстанды таңдауды жалғастырып жатқанын атап өтті. Табысты жүзеге асырылып жатқан бастамалар осының айқын дәлелі. 

Пленарлық сессия барысында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, The Boeing Company президенті және бас атқарушы директоры Келли Ортберг, Ислам даму банкінің президенті, Ислам даму банкі тобының төрағасы Мухаммад Сулейман Аль-Джассер, Masdar бас атқарушы директоры Мохамед Джамиль Аль-Рамахи, Sarens Kazakhstan президенті Лудо Антон Саренс, Lasselsberger Group бас атқарушы директоры Йозеф Ласселсбергер сөз сөйледі.

Шымкентте KGIR-2026 алаңында жалпы сомасы $4,8 млрд болатын 22 құжатқа қол қойылды.

Олардың қатарында келесідей Инвестициялар туралы келісімдер:

Қостанай облысында $730 млн сомасына қуаты 1 000 МВт болатын, энергия жинақтау жүйесі бар жел электр стансасын салу туралы (ҚР Энергетика министрлігі мен «Turan Wind Energy» ЖШС арасында);

$249,6 млн сомасына Қазақстанның автомобиль жолдарында интеллектуалды бақылау жүйесін (АЖИБЖ) құру туралы (ҚР Көлік министрлігі мен «Freedom Lab» ЖШС арасында);

Ақтөбе қаласында $150 млн сомасына шыны ыдыс өндіретін зауыт салу туралы (ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Aktobe Steklo компаниясы арасында).

Меморандумдар:

$1 млрд сомасына 20 өңірлік инклюзивті мектептен тұратын желі салу жобасын жүзеге асыру туралы (ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен «DSKZ & KAMC» ЖШС арасында);

$1 млрд сомасына Құрық портының дамуының бірінші кезеңі аясында көпфункционалды терминал салу туралы («Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ мен Guoyou Materials Group Co., Ltd. арасында);

$650 млн сомасына «Қазақстанның халықаралық медициналық қаласы» инвестициялық жобасын жүзеге асыру туралы («KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ мен Shoval Kazakhstan Ltd. арасында);

$500 млн сомасына ДӨО алқабының аумағында қуаты 250 МВт болатын дата-орталық салу туралы (ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен Amsa Digital компаниясы арасында);

$111,1 млн сомасына ет кластерін құру туралы (Түркістан облысының әкімдігі мен «Nurym Group» ЖШС арасында);

Астанада $40,8 млн сомасына британдық білім беру моделі бойынша жатақханасы бар университет кампусын салу және пайдалану туралы (ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Coventry University Kazakhstan арасында);

$8,8 млн сомасына полипропилен қаптар мен биг-бэгтер өндіретін зауыт салу туралы (Қызылорда облысының әкімдігі мен Apex Packaging компаниясы арасында) және басқа да құжаттар бар.

Сондай-ақ Шымкент қаласының әкімдігі мен «KOKSAN» ЖШС арасында $74,3 млн сомасына ПЭТ-преформалар өндіретін және пластикті қайта өңдейтін зауыт салу жөніндегі негіздемелік келісімге қол қойылды.