БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен әзірленген «Халықаралық планетаны көгалдандыру күні» қарарын қабылдап, 22 сәуірді Халықаралық планетаны көгалдандыру күні деп жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл бастаманы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясында ұсынған. Қарарға әлемнің түрлі өңірлерін білдіретін 32 мемлекет тең автор болды.
Қарардың қабылдануы Қазақстанның жаһандық экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы халықаралық күш-жігерді біріктіруге қосып келе жатқан дәйекті үлесін көрсетеді.
Құжат әлемдік қоғамдастықтың көгалдандыру мен табиғи экожүйелерді қалпына келтірудің маңыздылығы туралы хабардарлығын арттыруға, сондай-ақ мемлекеттерді, БҰҰ жүйесін, халықаралық және өңірлік ұйымдарды, азаматтық қоғамды және басқа да мүдделі тараптарды тиісті іс-шаралар мен бастамаларды жүзеге асыруға ынталандыруға бағытталған.
Халықаралық күннің белгіленуі Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясының мақсаттарымен үндеседі.