2027 жылдан бастап зейнетақы жүйесіне қандай өзгерістер енгізіледі?

2027 жылдан бастап зейнетақы жүйесіне қандай өзгерістер енгізіледі?
ашық дереккөз

Қазақстанда 2027 жылдан бастап зейнетақы жүйесіне бірқатар өзгеріс енгізіледі, деп хабарлайды ult.kz.

Ең бастысы – міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына берілетін мемлекеттік кепілдік күшінде қалады, өзгеріс тек өтемақы төлеу тетігіне қатысты болмақ.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, қолданыстағы Әлеуметтік кодексте бекітілген мемлекеттік кепілдікке ешқандай өзгеріс енгізілмейді. Яғни мемлекет бұрынғыдай міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына кепілдік береді.

Негізгі өзгеріс – 2027 жылдан бастап инвестициялық кіріс пен инфляция арасындағы айырманы өтеу тетігі жаңартылады. Бұл өзгеріс азаматтардың зейнетақы жинақтарын өздері басқару мүмкіндігінің кеңеюіне байланысты енгізіліп отыр.

Бұған дейін салымшылар зейнетақы жинақтарының 50%-ын ғана жеке инвестициялық портфельді басқарушыға бере алса, енді жинақтың 100%-ын сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар азаматтар басқарушы компанияны, инвестициялық стратегияны және тәуекел деңгейін өздері таңдай алады.

Министрлік Ұлттық банк зейнетақы активтерін басқаруды жалғастыратынын және ұзақ мерзімді кезеңде инфляциядан жоғары табыстылыққа қол жеткізу мақсаты сақталатынын атап өтті.

Сондай-ақ инвестициялық портфельді басқарушы компанияларға қойылатын талаптар күшейтілген. Егер заңда белгіленген ең төменгі кірістілікке қол жеткізілмесе, басқарушы компания айырманы өз қаражаты есебінен өтеуге міндетті.

Осылайша, енгізілетін өзгерістер азаматтардың зейнетақы жинақтарын басқару мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. Ал мемлекеттік кепілдік толық көлемде сақталады, сондықтан салымшылардың міндетті зейнетақы жарналарының сақталуына қатысты құқықтары өзгермейді.