Қазақстанның 11 өңірінде 20 мың студентке арналған 13 заманауи колледж салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Министрдің айтуынша, колледждерде кадр даярлау сапасы ең алдымен олардың материалдық-техникалық базасына байланысты.
Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдар мен жұмыс берушілердің қаржысы есебінен 174 колледж, ал жер қойнауын пайдаланушылардың қолдауымен тағы 13 колледж қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Дегенмен, еліміздегі 143 мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту қажет.
Осы мәселені шешу үшін жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыруға амортизациялық шығындарды енгізу, колледждерді жабдықтауға жеке инвестиция тарту және ірі кәсіпорындардың қамқорлығындағы мемлекеттік колледждерді мақсатты түрде жаңарту жоспарланып отыр.
Сонымен қатар 11 өңірде жалпы сыйымдылығы 20 мың орын болатын 13 заманауи колледж бой көтереді.
Министр бұл жобалар өңірлердегі колледждердегі орын тапшылығын азайтып, жастарға заманауи әрі қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген ортада сапалы кәсіптік білім алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.