«20 миллион теңге қауіпте болды»: Астанада алаяқтар зейнеткерді алдап, ақшасын иемденбек болған

«20 миллион теңге қауіпте болды»: Астанада алаяқтар зейнеткерді алдап, ақшасын иемденбек болған
cretalive.gr

Астанада 76 жастағы зейнеткер алаяқтардың құрбаны бола жаздады. Қаскөйлер оның шамамен 20 миллион теңге жинағын қолды етуді жоспарлаған, алайда полиция дер кезінде әрекет етіп, қылмыстың алдын алды, деп хабарлайды ult.kz.

Астана полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары «Қазақтелеком» АҚ өкілдерімен бірлесіп, зейнеткерге жасалған алаяқтық әрекетті тоқтатты.

Алаяқтар қарт тұрғынға қоңырау шалып, өздерін емхана қызметкерлері ретінде таныстырған. Олар медициналық қабылдауға жазылу үшін SMS арқылы келген растау кодын айтуды сұраған. Кейін жәбірленушіге психологиялық қысым көрсетіп, оны үйден шығуға және нұсқауларды күту үшін саябаққа баруға көндірген.

Полицияға ақпарат түскен бойда қызметкерлер оқиға орнына барып, зейнеткердің орналасқан жерін анықтаған. Нәтижесінде алаяқтардың жоспары жүзеге аспай, әйелдің банк шоттары мен депозиттеріндегі барлық жинағы сақталып қалды.

Полиция қызметкерлері зейнеткермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қашықтан жасалатын алаяқтықтың кең таралған тәсілдері туралы ескертті.

Құқық қорғау органдары азаматтарға: мемлекеттік мекеме қызметкерлері, банк өкілдері немесе медицина мамандары телефон арқылы SMS-кодтарды, банк картасының деректерін, құпиясөздерді және басқа да жеке ақпаратты ешқашан сұрамайтынын еске салады.

Күмәнді қоңыраулар кезінде асықпай, ақпаратты тек ресми байланыс арналары арқылы тексеру қажет.