Түркістан облысының Созақ ауданында археологтар соңғы қола дәуірі мен Қаңлы мемлекеті кезеңіне жататын көне қорымдарды зерттеп, ерекше олжаға тап болды. Мамандар шамамен 2 мың жыл бұрын жерленген әйелдің өлімінің себебін анықтауға тырысып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Otyrar арнасының мәліметінше, Қызылкөл-1 қорымындағы жерлеу орнынан ер адам, әйел және екі баланың сүйегі табылған. Әйелдің бас сүйегінің самай тұсынан дөңгелек тесік анықталды. Алдын ала болжам бойынша, жарақат ежелгі қару — балта-шоқпардың соққысынан пайда болуы мүмкін. Ғалымдар оның тірі кезінде жарақат алғанын және бұл өлімге себеп болуы ықтимал екенін айтады.
Қазір екі нұсқа қарастырылып жатыр. Біріншісі — әйел жерлеу рәсімі кезінде өлтірілген. Екіншісі — оның шайқасқа қатысып, өлімге әкелген жарақат алғаны.
Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің профессоры Александр Подушкин әйелдің жауынгер болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Себебі Қаңлы құрамында сарматтар сияқты тайпалар болған, ал сарматтарда әйелдердің шайқасқа қатысқаны белгілі.
Әйелдің нақты қалай қаза тапқанын антропологтар сүйектер мен бас сүйегіндегі жарақатты зерттегеннен кейін анықтайды.