Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жасында қайтыс болған Мадинаға қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Бұл туралы журналист Руслан Өтепбай әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Марқұмның анасы берген сұхбаттан үзінді де көпшілік назарына ұсынылды, деп хабарлайды ult.kz.
Марқұмның анасының айтуынша, Мадинаны осыдан екі жыл бұрын Меркіде тұратын жігіт алып қашқан. Ол кезде бойжеткен небәрі 17 жаста болған.
Анасының сөзінше, Мадина болашақ жарына әлеуметтік желі арқылы танысқан. Екеуі ұзақ уақыт араласпай, шамамен 20 күн сөйлескеннен кейін үйленуге шешім қабылдаған.
Осылайша, небәрі 17 жасында тұрмыс құрған Мадинаның кейінгі тағдыры қайғылы аяқталды. Қазіргі таңда оның өліміне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны хабарланды. Марқұмның артында сегіз айлық сәбиі қалғаны да айтылған.
Сонымен қатар, қайғылы жағдайдың алдында Мадинаның құрбысына күйеуімен жанжалдасып жүргенін және ажырасқысы келетінін айтқаны туралы мәлімет тараған.
Руслан Өтепбай марқұмның анасы айтқан бұл деректер қамтылған сұхбаттың толық нұсқасы бүгін сағат 12:00-де YouTube арнасында жарияланатынын жеткізді.
Сұхбатта Мадинаның отбасылық өмірі, тұрмыс құрғаннан кейінгі жағдайы және қайғылы оқиғаға дейінгі кезеңі туралы бұған дейін көпшілікке белгісіз болған мәліметтер айтылмақ.