Есірткіден түскен 1,8 млрд теңге: күдікті Ресейден Қазақстанға қайтарылды

Есірткіден түскен 1,8 млрд теңге: күдікті Ресейден Қазақстанға қайтарылды
Видеодан скриншот

Қазақстанда есірткі өндіріп, таратқан ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі Ресейден экстрадицияланды. Күдіктілер заңсыз жолмен тапқан 1,8 млрд теңгеден астам қаражатты криптоайырбастау сервистері арқылы заңдастырған, деп хабарлайды ult.kz.

Бас прокуратураның мәліметінше, Қазақстан азаматы Теміртау қаласында аса ірі мөлшерде психотроптық заттар өндіруді ұйымдастырған қылмыстық топтың құрамында болған. Дайын өнімдер Қарағанды облысында таратылған.

Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған қаражатты заңдастыру үшін түрлі қаржылық операциялар жүргізілгені анықталған. Оның ішінде криптоайырбастау сервистері арқылы 1,8 млрд теңгеден астам ақша заңдастырылған.

Сонымен қатар күдіктілер 600 млн теңгеден астам қаражатқа жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары мен көлік сатып алған. Бұл активтерді мемлекет кірісіне айналдыру мақсатында оларға тыйым салынған.

Қылмыстық топ мүшелерінен 10 келіге жуық мефедрон тәркіленген. Қазір топтың кейбір мүшелеріне қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.

Құқық қорғау органдарынан жасырынған қылмыстық топ мүшелері, оның ішінде экстрадицияланған күдікті де халықаралық іздеуге жарияланған.

Күдікті 2025 жылдың қазан айында Ресейде ұсталған. Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша ол елге экстрадицияланып, қазір тергеу изоляторына қамалды.

Оған тағылған қылмыстар бойынша мүлкін тәркілей отырып, 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін осы қылмыстық топтың тағы бір белсенді мүшесі Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланған.