Жамбыл облысында сеніп тапсырылған 17 бас жылқыны иемденіп кеткен күдікті ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Шу аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, өзіне тиесілі 17 бас жылқы шаруа қожалығының жайылымынан жоғалып кеткен.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 189-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде иемдену немесе ысырап ету») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Тергеу барысында жәбірленушінің бірнеше жылдан бері жылқыларын бағуды танысына сеніп тапсырғаны анықталған. Алайда күдікті малды заңсыз иемденіп кеткен деген болжам бар.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері 28 жастағы күдіктіні Тараз қаласынан анықтап, ұстады. Сот санкциясымен ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Құқық қорғау органдарының қабылдаған шаралары нәтижесінде жымқырылған 17 жылқы табылып, заңды иесіне қайтарылды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Полиция азаматтарды мал-мүліктің сақталуына жауапкершілікпен қарап, оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті алдын алу шараларын қабылдауға шақырды.