Абай Бегейдің ерте тұрмыс құрған қызы Сымбат отбасылық өмірге қалай келгенін айтып берді, деп хабарлайды ult.kz.
Сымбат Абайқызының сөзінше, ол бастапқыда ерте тұрмысқа шығуды жоспарламаған. Алайда қазіргі күйеуі Мұстафа екеуі сөйлесіп жүрген кезде жігіт оны келісімінсіз алып қашқан.
“Мен 16 жасында тұрмысқа шыққан Абай Бегейдің қызымын. Негізі, күйеуге шығамын деп ойлаған жоқпын. Екеуміз сөйлесіп жүрген кезде Мұстафа мені алып қашып кетті. Бұл туралы бұрын әлеуметтік желіде айтпаған едім”, – деді ол.
Сымбаттың айтуынша, алып қашқаннан кейін ол жігіттің үйінен қашып кеткен. Кейін Мұстафаның отбасы Абай Бегейдің алдына барып, ресми түрде рұқсат сұраған.
“Содан кейін олар әкемнің алдына келіп, рұқсатын алды. Қазір еш өкінбеймін. Күйеуім екеуміз өмірдің қызығын да, қиындығын да бірге көріп жүрміз. Ол маған ешқандай шектеу қоймайды. Атам мен енем де өте жақсы адамдар”, – деді Сымбат.
Ол сондай-ақ бүгінде 18 жасында ана атанғанын айтып, тұрмысқа шыққаннан кейін үйден шықпай, шектеуде отырған жоқ екенін атап өтті.
Айта кетейік, заңсыз ұтыс ойындарын өткізіп, қылмыстық жолмен 162 миллион теңгені иемденді деп күдікке ілінген әнші Абай Бегейдің қызы Гүлеркем Ниязқұлова мен оның жұбайы жазадан сытылып кетті.
Абай Бегей кім?
Абай Бегей - қазақстандық эстрада әншісі. Өнер жолында бірнеше жыл бойы түрлі байқауларға қатысып, ән жаздырғанымен, кеңінен танылуы бірден болмаған. Әншінің өз айтуынша, елге танымал болуына алты жылдан астам уақыт кеткен. Оның шығармашылықтағы үлкен серпілісі «Аспанға қараймын» әнінен кейін басталды. Бұл туынды хитке айналып, Абай Бегейді көпшілікке кеңінен танытты.
Өнер жолының алғашқы кезеңінде Абай Бегей Ақтау мен Алматы арасында қатынап жүрген. Шығармашылыққа ден қою үшін бір кезеңде отбасын Ақтауда қалдырып, өзі Алматыда жұмыс істегенін де сұхбаттарында ашық айтқан.
Әншінің жеке өмірінде де ауыр кезеңдер болған. Оның бірінші жары өмірден өткен. Абай Бегей 2016 жылғы сұхбатында марқұм жұбайының орыс тілі мен әдебиеті пәнінің маманы болғанын және оның қазасы өзіне ауыр тигенін айтқан. Кейін ол бірнеше жыл балаларымен бөлек тұруға мәжбүр болғанын, содан соң қайта шаңырақ көтергенін жеткізген.
Қазір Абай Бегейдің жұбайы - Фариза Жұманова. 2026 жылғы наурызда әнші сегізінші рет әке атанып, бесінші қызының дүниеге келгенін хабарлады.
Абай Бегейдің балалары да әлеуметтік желіде жиі назарға түседі. Соның бірі – қызы Сымбат Абайқызы. БАҚ-та ол әншінің екінші қызы ретінде аталады. Сымбаттың жас кезінде тұрмыс құруы қоғамда қызу талқыланған.