Freedom Inside '26

1,5 мың қазақстандықты алдаған: ҚМА ірі қаржы пирамидасын әшкереледі

1,5 мың қазақстандықты алдаған: ҚМА ірі қаржы пирамидасын әшкереледі
gov.kz

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) CVK атауымен жұмыс істеген қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Қазір агенттіктің аумақтық департаменттері еліміздің 14 өңірінде тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, жоба өзін маркетплейс ретінде таныстырып, азаматтарға кепілдендірілген табыс әкелетін түрлі инвестициялық пакеттерді сатып алуды ұсынған. Сенім қалыптастыру үшін қатысушылардың жеке кабинеттерінде шын мәнінде болмаған тауарларға қатысты орындалған тапсырыстар мен жөнелтілімдер көрсетіліп, оларға виртуалды сыйақы есептеліп отырған.

Схеманың негізгі тетігі жаңа салымшыларды тартуға негізделген. Ұйымдастырушылар әрбір шақырылған қатысушы үшін ақшалай бонус пен бағалы сыйлықтар уәде еткен. Агрессивті жарнама мен өңірлердегі белсенді насихаттың нәтижесінде заңсыз жобаға шамамен 1,5 мың адам тартылған.

ҚМА мәліметінше, жобаны насихаттау үшін жабық кездесулер, кеңселердің салтанатты ашылуы және жаппай таныстырылымдар ұйымдастырылған. Бұл іс-шаралар әлеуметтік желілерде кеңінен таратылып, азаматтардың сеніміне кіру құралы ретінде пайдаланылған.

Салымшылардың қаражаты криптовалюталық платформалар арқылы шығарылып, кейін банктік шоттарға аударылып отырған. Тергеу барысында жалпы сомасы 474 мың доллар болатын криптоактивтерге тыйым салынды.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасуда. ҚМА аталған қаржы пирамидасынан зардап шеккен азаматтарды тұрғылықты жері бойынша агенттіктің аумақтық департаменттеріне жүгінуге шақырды.